ДЕПУТАТТЫҚҚА ҮМІТКЕР ӘЙЕЛ ҮМБЕТӘЛІ КӘРІБАЕВТЫҢ НЕМЕРЕСІМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 21.12.2020
Оқылды: 1212
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісіне үміткерлер үлкен қалалардан шалғай ауылдарға дейінгі үгіт-насихат жұмыстарына қызу кірісті. Канвассинг, яғни, белгілі тұлғалармен кездесу шарасы аясында үміткер Әлия Әбсеметова белгілі ақын Үмбетәлі Кәрібаевтың немересі Әуелбек Ысқақовтың үйіне барып қайтты.

Әлия Маратқызы ақынның немересімен кездесу барысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырып, түсіндіріп берді. Әуелбек Мұсаханұлы өз кезегінде салиқалы әңгімесін айтып, еліміздің жетекші партиясына сенімі мол екендігін жеткізіп, алдағы саяси науқанда сәттілік тіледі және де жылы лебізімен қатар ізгі ниетін білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, асылдың тұяғы Әуелбек Мұсаханұлы Суретшілер одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген өлкетанушысы, өнер қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термеші мектебінің халықаралық мүшесі. Көптеген кітаптары жарық көріп, бірнеше жеке көрме ұйымдастырған.

Жастайынан Әуелбек аға өз ауылының, Жамбыл ауданының дамуына үлес қосып, осы өлке игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Оның жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу жолындағы еңбегі зор. Ал оның туған атасы Үмбетәлі Кәрібаев бүкіл Қазақстанға танымал, белгілі тұлға.

Шара соңында ақынның немересі батасын беріп, үміткерге ақ жол тіледі.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы

(«Nur Otan» партиясы Алматы облысының Сайлау қоры қаражатының есебінен төленді. Тапсырыс беруші: Жөргенбаев Жанболат Әкебайұлы)