ҰЙҒЫР АУДАНЫНДА ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН ҰРЛАҒАН ӘЙЕЛ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Уақыты: 22.02.2021
Оқылды: 1003
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының тұрғыны пайдакүнемділігі үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Ұйғыр ауданының полициясына Тасқарасу ауылының тұрғыны хабарласып, таксиде түсіріп алған ұялы телефонын тауып беруді сұраған. Жазбаша арызды ресми тіркеген тәртіп сақшылары сол кезде желіден ажыратылған байланыс құралын іздеу шараларын бастаған.

- Ең алдымен, зардап шегуші әйел мінген таксиді тауып алып, жүргізушіден жауап алдық. Түсіп қалған телефонды пайдакүнемдік мақсатта иемденіп алған деген күдікке ілінген келесі жолаушыдан жауап алу кезінде Үлкен Ақсу ауылының 38 жастағы тұрғыны өз қылмысын мойындады. Іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, - деді Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Игорь Калмаков.

Тергеу барысында күдікті әйелдің қоғамдық көлікте телефонды тауып алғаны, оны келешекте пайдалану мақсатында өшіріп, нөмірін лақтырып жібергені анықталды. Жоғалған телефон күдіктіден тәркіленіп, заңды иесіне тапсырылды.

Өз кезегінде, тәртіп сақшылары азаматтарды жеке заттарына мұқият болуға және бөтеннің мүлкін тауып алған жағдайда заң талабына сәйкес ішкі істер органдарына хабарлау қажеттілігі туралы ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан