"СОТ ІСІНДЕ ӘЙЕЛ ЕКЕНІМДІ ҰМЫТАМЫН": СУДЬЯ СИМУЗАР КУРБАНОВА

Уақыты: 08.03.2021
Оқылды: 1743
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сот залы. Жиналғандар үнсіз ғана сот үкімін күтуде. Орындықтардың дәл алдында «баланың тағдыры не болады?» деген оймен алаңдаулы жақындары отыр. Десе де, заң алдында бәрі бірдей. Ал, қылмыстың өтеуі жаза. Сот ісі басталатын уақытта хатшы судья келе жатқанын хабарлады. Бәрі орнынан тұрып, құрмет білдірді. Судьяның қадамы нық болғанымен, ішкі жан дүниесі алай-дүлей. Көп сұраққа жауап таппай, айыптының жақындарына да жаны ашып тұр. Әйтсе де, бойындағы нәзіктік, жүрегіндегі аяушылыққа ерік бермеуі тиіс. Жұмысы одан осыны талап етеді. Мінберіне жайғасқан судья сот үкімін өктем дауысымен оқыды. Ағаш балғасының дауысы естілді. Бұл біздің бүгінгі кейіпкеріміз - Алматы облыстық сотының судьясы Симузар Курбанованың түйіндеген бір ісі ғана.

Симузар Курбанова сот жүйесінде 2003 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Жұмыс жолын аға заңгер кеңесшісі ретінде бастады. Кейін саладағы ізденісін арттырып, Әділет біліктілік алқасына емтихан тапсырып, судья лауазымына резервке алынды. Сот жүйесінде он сегіз жыл табан аудармай қызмет етуде.

Симузар Акбаровна – еңбекқор ғана емес, барлық істе белсенді жан. Бала кезінен өзін судья ретінде елестетті. Ата-анасы да оның бұл арманынан қол үзбей, іске асуына қол ұшын созды. Сондықтан да болар, ол өзінің құқық саласындағы әділ де жемісті еңбек етуін бойындағы ата-анасы берген тәрбиемен байланыстырады.

– Жастайымнан жан-жағымда болып жатқан кикілжіңге жайбарақат қарай алмай, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтағым келіп тұратын. Әр адам әділ ойласа екен дейтінмін. Сыныптастарым да осы мінезіме бола «ұлы жақтаушы» деп атайтын. Осыдан кейін барып құқық қорғау саласында қызмет еткім келді. Осы арман Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне алып келді. Сотқа 2003 жылы наурыз айында келдім. Ал, 2013 жылы Алматы облыстық сотына судья болып ауыстым, – деп әділдікті ту еткен Симузардың өмірлік ұстанымы – әрқашан адалдық салтанат құруы тиіс. Ұлының бойына да осы әділеттілік ұғымын сіңіріп келеді.

Заң колледжінде ұстаздық еткен оның шығармашылыққа жаны жақын. Республикалық, облыстық, аудандық басылымдарға халықты құқықтық сауаттандыру мақсатында мақалалар жариялап отырады. Жаңа қабылданған заңнама талаптарын халыққа түсіндіру, сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуде елмен етене байланыста.

Жалпы, әйел заты эмоцияға жақын келетіні белгілі. Кейбірі соның жетегінде шешім шығарып, бармақ тістеп жататын кездері де болады. Осы тұрғысында Симузар Курбанова: «Сот саласына келгеніңде эмоцияны, әйел екеніңді ұмытуың қажет», – дейді. Жұмысында талапшыл, әділетті, қатал жан отбасында мүлдем басқа. Баласына бар мейірім шуағын төгетін ана. Бұл туралы ол:

– Судья бір күнде судья болып қалыптаспайды. Әсіресе, нәзік жанды қыз балалар үшін бұл жүкті алып жүру оңай емес. Судьялық қызмет физикалық және психологиялық ауыр жүктемеге шыдамдылықты, жүйкеге түсетін әртүрлі стрестік жағдайларға төзімділікті қажет етеді. Көп жылдар қылмыстық істерді қарадым. Қаншама адамның тағдыры қолыма түсті. Адамдар сот жұмысын сотталушы адаммен байланыстырып жатады. Бұл – қателік. Сотталушыға қарама-қайшы жәбірленуші адамның тағдыры тұрады. Азаматтық істердің де бірнеше жағы болады. Сондықтан, судьяның алдында істерді жан-жақты қарау міндеті тұр. Әрбір адамның орнына өзіңді қойып, сол адамның жағдайына түсіп, басыңнан өткізуің тиіс. Тіпті, сот ісінен шыққан соң жылап алған кездер де болды. Эмоция, үрей, сенімсіздікке бой алдырып, қателесіп кетпеуің керек, – дейді.

Грек мифологиясында әділеттіліктің құдайы саналатын Фемиданың көзі жабық. Қолында турашылдықтың таразысы тұр. Дұрыс шешім қабылдау жолында барлығын елемеу үшін  көзі жұмулы іспеттес. Бірақ бұл – аллегория. Бүгінгі қоғамда судья дұрыс деп тапқан шешім туралы: «Дұрыс шешім қабылдау үшін судья әуелі қолына түскен істі жан-жақты зерттеп, тыңғылықты дайындалуы тиіс. Екі жақты да мұқият тыңдап барып қана үкім шығара алады. Екі тараптың біреуіне жақтасып, басқасын елемей қоюына мүлдем болмайды. Сонда ғана шығаратын шешім дұрыс болады», – деген кейіпкеріміз судья педагог та, психолог та бола білуі тиіс дейді.

Бос уақытында кітап оқып, ән салатын Симузар қай істі қолға алса да өзінің табандылығымен тас-түйін етеді. Бүгінде облыстық сотта сот төрелігін жүзеге асырумен қатар түрлі құқықтық насихаттар мен мәдени-спорттық іс-шараларды шебер ұйымдастырады. Кейіпкеріміздің өз қызметіне деген адалдығы, жауаптылығы әркез жоғары бағаланып келеді.

– Менің арманым – елдің тыныштығы, халықтың бейбіт өмір сүруі. Тәуелсіз еліміздің өркендеп, дамуына үлес қосу. Халықтың сотқа деген сенімін қалыптастыру, еліме адал қызмет ету, – дейді кейіпкер. Әділдік пен адалдықты ту еткен нәзік жанды судьяға біз де толайым табыс тіледік.

Еңлік МАРХАБЕКҚЫЗЫ

Алматы облысы