БАЛАСЫН ЕРТІП, ЖОҒАЛЫП КЕТКЕН КЕЛІНШЕК БЕС КҮННЕН КЕЙІН ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 12.03.2021
Оқылды: 760
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматының іргесіндегі Қарасай ауданында 28 жастағы келіншек екі жастағы баласымен із-түссіз жоғалып кетті. Артынан полицияның жедел қимылының арқасында балалы әйел табылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Полицияға келіншектің анасы арызданған. Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарасай аудандық полиция бөлімшесіне 48 жастағы Іргелі ауылының тұрғыны жүгінген. Ол 28 жастағы қызы екі жасар баласымен бірге жоғалғанын және қызының ішімдікке бейім екенін жеткізген. Ол жас балаға қауіп төнуі мүмкін деп санаған.

Тәртіп сақшылары бірден іздеуге кірісіп, жоғалған әйелді баласымен бес күннен кейін тапты. Олар Іргелі ауылындағы анасына жеткізілді. «Хабар-ошарсыз кеткен, ішімдікке бейім әйел кішкентай баласымен анасына жеткізілді. Анықталғандай, 28 жастағы әйелдің анасы үйінде осы қызының 10 жастағы баласын бағып отыр. Ішімдікке бейім келіншекке тиісті шара қолдану үшін әкімшілік хаттама толтырылды», - делінген хабарламада. Сондай-ақ, жоғалған ана мен баланы іздеуге Алматы қаласындағы Жетісу аудандық бөлімшенің тәртіп сақшылары да көмектесті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"