Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

СІЗ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ АПТА САЙЫН ТІКЕЛЕЙ СҰРАҚ ҚОЯ АЛАСЫЗ

Уақыты: 23.09.2021
Оқылды: 717
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы.

Айтылған тұжырымдаманың іс жүзінде жүзеге асып жатқаны бізді қуантады. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Мысалы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаментінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «AntikorLive» жобасын алайық.

Апта сайын Facebook әлеуметтік желісі арқылы облыс тұрғындары үшін «AntikorLive» жобасы аясында Антикор орталығында мемлекеттік мекеме басшылары, сондай-ақ,  облысымыздың белгілі азаматтары мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен тікелей эфир өткізіледі.

Биліктің  бұқараға барынша жақын әрі ашық болуын қамтамасыз ету – «AntikorLive» жобасының негізгі мақсаты. Желі қолданушылары тікелей эфирге қатысып, өзін қызықтырған сұрақты спикерге қойып, жауап ала алады. Осылайша халық пен мемлекеттік мекеме өкілдерінің арасында тікелей қарым-қатынас орнайды.

Қазіргі таңда әлеуметтік желі мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың тиімді құралы екенін ескерсек, тікелей эфирдің маңыздылығын ерекше айтып өткен жөн.

Тікелей эфир апта сайын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаментінің Facebook  парақшасында (үстінен басыңыз) өтеді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті