Ел мәртебесі

Уақыты: 29.08.2017
Оқылды: 1382
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Осыдан жиырма екі жыл бұрын 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуірге қадам басқан еді.
Осыған сай «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында «Елімнің еркіндігі – Ата Заңым» атты Конституция күніне арналған конференция өтті.

Тәуелсіздігіміздің тірегі Ата Заңымыз мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына ықпал етіп, дамудың қайнар бұлағына айналды. Шынында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжаттың қабылданғанына небәрі 22 жыл болып отыр. Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, бұл азғантай ғана мерзім. Десе де, Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтіп, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәделдеді. 
Аталмыш шараға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, еңбек және партия ардагерлері, «жасотандықтар», үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени орталықтардың өкілдері, дәрігерлер және БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаеваға сөз берілді.
– Біздің басты міндетіміз – өз елімізді, тарихымызды қалай құрметтесек, Конституциямызды да солай қастерлеуіміз қажет. Ата Заңды ардақтау – келешекке ұмтылған мемлекетіміздегі әрбір азаматтың асыл парызы, – деп жиынға келген көпшілікті мерекемен құттықтады.
Одан әрі сөз кезегі І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі Болат Айтимов пен «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі Әсел Садықоваға ұсынылды. Олар өз баяндамаларында ел дамуындағы тарихи белестерге тоқталып, тәуелсіз еліміздің іргесі берік, мәртебесі биік болсын деген тілектерін айтты.
Жиын соңында «Жетісу» футбол клубының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Серік Мұқанов ерен еңбегімен тәуелсіз елдің іргесін бекітіп, тұғырын тіктеп, еңсесін көтеріп жүрген белсенді партия мүшелерін марапаттады.

Мұхтар КҮМІСБЕК.