ТЕРГЕУ ИЗОЛЯТОРЫНАН 33 АДАМ БОСАТЫЛДЫ, ОНЫҢ СЕГІЗІ - ЖАСӨСПІРІМ

Уақыты: 15.02.2022
Оқылды: 1102
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында тергеу және уақытша ұстау изоляторынан 33 адам босатылды. Оның ішінде, 8 кәмелетке толмаған жасөспірім ата-анасының қамқорлығына алынды. Бүлікке қатысы жоқ екені дәлелденген азаматтарды босату жұмыстары әлі де жалғасады. Бұл туралы «Жетісу медиада» өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Бүгінде Алматы облысында 88 адам қамауда отырса, оның 60-ына бұлтартпау шаралары таңдалған. Бұлтартпау шарасы жеке басын, жасын, денсаулық жағдайын, қатысу дәрежесін, әрекетке қатынасын және басқа да сипаттайтын мәліметтерді мұқият зерттегеннен кейін ғана қолданылады.

Қаңтар оқиғасының салдарынан Алматы облысы бойынша 758 адам зардап шеккен, оның ішінде, 643-і полиция қызметкері, 78-і әскерилер, 37-сі бейбіт тұрғын. Олардың көпшілігі жеңіл жарақаттар алды, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

- Іс-әрекеттерінде ауырлататын мән-жайлар жоқ адамдарға жазаны жеңілдету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы шаралар қабылдануда. Мұнда әрбір құқық бұзушыға жеке мән беріп отырмыз. Сипаты мен санатының ауырлығы қаралды, - деді Алматы облысы прокурорының міндетін атқарушы Рашид Әміров.

Айта кетейік, Қаңтар оқиғасы бойынша барлығы 409 қылмыстық іс тергелуде, оның 158-і ұрлық, 191-і қаруды заңсыз сақтау, 11-і терроризм, 3-уі жаппай тәртіпсіздік, тағы 3-уі кісі өлтірумен байланысты.

Тергеу нәтижелері бойынша жеңілдету мақсатында 93 апелляциялық өтінішхат енгізіліп, сотпен прокурордың актілері қанағаттандырылды. 71 тұлға қамаудан босатылды, 22-не айыппұл ескертуге ауыстырылды. Қазіргі таңда облыс бойынша әкімшілік қамауда отырған адамдар жоқ.

Естеріңізге саламыз, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен азаптау фактілерімен 37 қылмыстық іс тергелуде.

- Жәбірленушілердің өтініштерінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері "Қаңтардағы оқиғалар" бойынша қылмыстық істерді тергеу кезінде жәбірленушілерге қатысты қылмыс жасады деп тану мақсатында азаптаулар жасағаны баяндалған. Полиция және басқа да құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты қорғаушылар, туыстары, ата-аналары және жәбірленушілердің өздері өтініш білдірді. Сонымен қатар, күн сайын қажетті тергеу әрекеттері жүргізілетін БАҚ мониторингі жүргізіледі. Қазіргі уақытта тергеудің жан-жақтылығын қамтамасыз ету үшін күн сайын бірқатар тергеу амалдары жүргізілуде, - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті бастығының орынбасары Дулат Мадияров.

"Атыс қаруы заңсыз сақталған адам оны өз еркімен берген жағдайда, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады", - деп аяқтады Алматы облысы тергеу басқармасының бастығы Руслан Чарапиев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"