Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛҒАРДА ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ 14 ЖАСТАҒЫ ОҚУШЫҒА ШАБУЫЛ ЖАСАДЫ

Уақыты: 27.03.2022
Оқылды: 1061
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талғар ауданында такси жүргізушісі 14 жастағы оқушыға шабуыл жасады.

Күдікті ретінде таксист ұсталды. Ол мұндай әрекетке қаржылық қиындықтар салдарынан барғанын айтты. "Талғардағы полицейлерге Қарабұлақ ауылындағы жеке үйде шабуыл жасалғаны туралы ақпарат түсті. Үйде мектеп жасындағы оқушы жүрген. Ер адам оны байлап, пышақпен қоқан-лоққы көрсетіп, ақша мен алтын беруін талап еткен. Шошып қалған бала айғайлай бастаған", - дейді полиция өкілдері.

Қылмыстық іс барысында істің мән-жайын анықтау үшін ауқымды жұмыс жүргізілген. Нәтижесінде, полицейлер күдікті ақ түсті шетелдік көлікпен жүргенін анықтаған.

"Жүздеген көлікті тексеріп, полицейлер Белбұлақ ауылының 45 жастағы тұрғыны жалдап жүргізетін "Хюндай акцентті" анықтады. Оның ата-анасының үйін тінту барысында қару арсеналы табылды. Күдікті берген ақпарат бойынша, ол үйге бала ұйықтап жатқанын көріп, аяқасты кірген", - деді полицейлер.

Ер адам бұған дейін де осындай қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған болып шықты. Сонымен қатар, қылмыс жасалған күні көлікте әйелі мен баласы отырған. Әйел адамның қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"