ҚАЗАҚСТАНДА НЕГІЗГІ ЗАҢНЫҢ ҮШТЕН БІР БӨЛІГІ ҚАЙТА ЖАЗЫЛАДЫ - ПРЕЗИДЕНТ

Уақыты: 05.05.2022
Оқылды: 2081
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық реформалар жөніндегі бейнеүндеуінің басты жаңалығы бір айдан кейін, яғни, маусымның 5-інде жалпыхалықтық референдум өткізілетіндігі болды.

Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында саяси жаңғыру туралы ауқымды бағдарлама ұсынған болатын. Президент бастамаларының негізгі мақсаты саяси жүйемізді түбірімен өзгерту еді. Мұның өзі халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындағаны мәлім. Соған сәйкес Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Үндеуінде бұған дейін еліміздің Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне қатысты бірқатар жұмыс атқарылғандығын атап өтіп, алдағы референдум арқылы елімізде болып жатқан өзгерістерге әрбір азамат тікелей өзі қатыса алтындығын айтты. Яғни, Қазақстан азаматтары мемлекетті басқару ісінде белсенділік танытуы маңызды болып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформаның шешуші кезеңіне қадам жасалғанын, енді негізгі Заңды өзгертуіміз керектігін айтты. Шынында да, мұның ел тағдыры үшін айырықша мәні бар. Конституцияның жаңарған нұсқасында көп өзгеріс болмақшы. Ата Заң баптарының үштен бірі өзгеретін болады. Тіпті, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болмақ.

Бір сөзбен айтқанда, ел дамуының жаңа кезеңі басталады. Сол себепті Президенттің республикалық референдум өткізу туралы бастамасы өте орынды. Өйткені, мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың қалауымен жүзеге асырылуға тиіс. Алдағы референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Сондықтан отандастарымыздың бұл саяси науқаннан тыс қалмай, сайлау учаскелеріне барып, өз дауыстарын беруі маңызды дер едім.

Саят ЖҰРЫН,

Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы

Алматы облысы