АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ БАС ПОЛИЦЕЙІ КҮДІКТІ РЕТІНДЕ ТЕРГЕУДЕ ЖАТЫР

Уақыты: 15.05.2022
Оқылды: 1583
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы, генерал-майор Серік Күдебаев Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылды. Қазіргі таңда тергеу жалғасуда.

"Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 370-бабы, 4-бөлігі, 1-тармағы "Ауыр зардаптарға алып келген қызметтегi әрекетсiздiк" бойынша іс тіркеліп, Серік Мырзақұлұлы Күдебаев күдікті деп танылған облыстық полиция департаментінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жалғасып жатқанын хабарлаймыз", - деді Бас прокуратура өкілдері.

Бас прокуратура мәліметінше, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, соталды тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды.

Еске салайық, Алматы облысы полиция департаментін басқарған генерал-майор Серік Күдебаев 18 ақпанда жұмысынан босатылған еді. Сәуірдің басында әлеуметтік желілерде Күдебаевтың Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық іске қатысы бар деген ақпарат тараған болатын.

Бас прокуратура Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарының Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараттары мен полиция департаменттері, сондай-ақ, Алматы халықаралық әуежайының қараусыз қалуына қатысты тексеру жариялады. Осыған байланысты құзырлы органдардың бірқатар лауазымды қызметкерлері күдікті деп танылып отыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"