ҚАСКЕЛЕҢДЕ КӨКПАР ТАРТҚАН ЖІГІТТЕРДІҢ ҮСТІНЕН ШАҒЫМ ТҮСТІ - ПОЛИЦИЯ

Уақыты: 16.05.2022
Оқылды: 1488
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қарасай ауданының орталығы Қаскелеңде көкпар ұйымдастырғандарды полиция іздестіруде.

«Қаскелең қаласында көкпар ойыны ұйымдастырылған. Бұл шара жергілікті әкімдіктің келісімінсіз болған. Көкпаршылардың қаладағы бірнеше көше бойында жүргендері бейнебақылау камерасына жазылған. Аталған факті Қарасай аудандық полициясында тіркелді. Сонымен қатар, 34 жастағы тұрғын полицияға арызданды. Оның көлігін көкпаршылар бүлдіріп кеткен», - делінген Алматы облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Полицияның айтуынша, қазір аталған ойынды ұйымдастырғандар мен оған қатысқандарды тәртіп сақшылары іздестіріп жатыр. «Олардың барлығы заңға сәйкес жауапқа тартылады», - деп толықтырды полиция өкілдері.

Айта кетейік, көкпаршылардың көлікті бүлдірген сәтіндегі видео желіге тараған болатын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"