ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЗАҢНАМАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Уақыты: 27.05.2022
Оқылды: 1301
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлық. Осыған орай Журналистер үйінде «ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының талаптарын қатаң сақтау тақырыбында жиын өтті.

Жиында «Өлке тынысы» ЖШС-ның комплаенс-офицері Жанар Хабасова сөз алып, Қазақстанның жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамаларын түсіндірді. Заң талаптарына сәйкес, басшылық лауазымдағы қызметкерлерге кәсiпкерлiкпен айналысуға тыйым салынған. Сондай-ақ, лауазым иелеріне кәсiпкерлiк қызметпен айналысудан бөлек, жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруiне, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы алуына да рұқсат етілмейді.

Жиында мемлекеттік орган басшыларының немесе соған теңестірілген тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы заң алдында үлкен жауапкершілік екені айтылды. Ал бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау фактілері тіркелмеуі үшін алдын алу шаралары жүргізілуі қажет.

– Бүгінгі таңда жемқорлықтың алдын алу, оны болдырмау - біздің басты мақсатымыз. Бұл қылмыспен ұжым болып күресуіміз керек. Ағымдағы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша агенттік 144 әкімшілік іс-әрекетті тіркеді. Анықталған әкімшілік құқықбұзушылықтардың негізгі үлесі заңнамада осындай қызметті жүзеге асыруға тыйым салу белгіленген адамның кәсіпкерлікпен айналысуына байланысты. Осыған орай біз жиі шаралар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Елге пайдамызды тигізу үшін осынау ортақ іске өз үлесімізді қосуымыз керек, – деген комплаенс-офицер жемқорлықтың соңы неге әкеп соқтыратыны, оның қаупі жайлы журналистер алдында баяндама жасады.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы