БҮЛІК КЕЗІНДЕ ҰРЛАНҒАН ТАПАНШАЛАР ТАБЫЛДЫ - ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРА

Уақыты: 28.05.2022
Оқылды: 1469
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында полицияның ұрланған 6 Макаров тапаншасы табылды.

«Алматы облысы прокуратурасының бастамасымен жүргізілген арнайы операция барысында тәртіп сақшылары қаңтар айындағы тәртіпсіздік кезінде құқық қорғау органдарының қару-жарақ қоймаларынан ұрланған 18 оғы бар 6 Макаров тапаншасын, сондай-ақ 1 Калашников автоматын тауып, тәркіледі.​ Осылайша, жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 2 күдіктінің тұрғылықты жері бойынша аталған қару түрлері табылды», - деп хабарлады Алматы облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Прокуратура ақпаратына сәйкес, күдіктілер ұсталды. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігі (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сотқа дейінгі тергеу шеңберінде істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел тергеу іс-шаралары жүріп жатыр, сондай-ақ, ұсталғандар басқа қылмыстарға қатыстылығы бойынша тексерілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"