Сот жүйесін жетілдіру - заман талабы

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1336
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзеге асуы үшін қылмыстық үдерісті реформалау және құқық қорғау қызметінің өзге де тетіктерін жетілдіру бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуде. Шындығында құқық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың жаңа кезеңі саналатын бұл реформа халықаралық стандарттарға сай әзірленген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізіліп отырған реформаны жүзеге асыру үшін құрылған Ведомствоаралық жұмыс тобының құрамына Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары кірді. Сондай-ақ, Ұлыбритания, ГФР, Эстония және Грузия елдеріндегі тәжірибе егжей-тегжейлі зерттелді.

Тұтастай алғанда, қылмыстық процестегі адам құқығын қорғауды нығайту жөніндегі міндеттерді іске асыруға, тараптардың жарыспалылығын арттыруға, сотқа дейінгі сатыда сот бақылауын кеңейтуге негізделген реформа тергеу органдары, прокуратура мен соттың арасындағы өкілеттіктердің қайталануын болдырмауды және құзыреттіліктерді нақты бөлуді көздейді. Бұл орайдағы бастамалардың бәрі де «Қазақстан Республикасындағы қылмыстық процесті жетілдіру туралы» Заңының жобасына еніп, оның негізгі бағыттарын Президент тұтастай мақұлдады. Ондай бағыттардың қатарында күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылатын қылмыстар санатын қысқарту ұсынылды. Өйткені, бүгінгі қылмыстың басым бөлігі экономикалық қызмет саласына тиесілі. Ал, ең қатал бұлтартпау тәсілі ретіндегі күзетпен ұстау шарасы басқалай шара қолдану мүмкіндігі жоғалған кезде ғана қолданылуы керек. Соған орай жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілігінің басымдығы оның маңызды факторы болуы тиіс. Аталған шектеу ұйымдасқан қылмыстық топтарға және қылмыстық қоғамдастықтарға қолданылмайды. Сондай-ақ, адамды қамауға алудың мерзімі мен негізділігі соттың қатаң бақылауында болуы тиіс.
Жалпы, «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарына орай алдын ала тергеу кезінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуына сот бақылауын күшейту және кеңейту қарастырылуда. Сот бақылауы аясын кеңейту құқықтық шектеу сипатындағы іс жүргізу әрекеттеріне санкция беруді, сонымен қоса жасырын тергеу жүргізуді көздейді. Бұл ретте азаматтардың конституциялық құқықтарын шектейтін барлық арнаулы жедел-іздестіру іс-шаралары жасырын тергеу әрекеттері санатына ауыстырылуы заңнамалық түрде бекітіледі. Ал, жасырын тергеу әрекетінің жүргізілуіне қатысты хабарлама міндетті түрде жарияланады. Сондай-ақ, бұлтартпау шарасымен ұсталған адамның сотқа жеткізу мерзімі 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартылып, тергелетін қылмыстық істің шеңберден тыс шығатын дәлелдемелерді жинау тәжірибесі алынып тасталды. Қолданыстағы қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібі бойынша күдіктіні соттың санкциясынсыз 72 сағат ұстауға рұқсат етеді. Ал, судья санкция беруден бас тартқан жағдайда ұсталған адам дереу босатылуы керек. Алайда Конституцияда көзделген 72 сағаттық мерзімді күдіктіні тексеруге байланысты 48 сағатқа дейін қысқартуға болады. Тек заң жүзінде шектелген жағдайда ғана мерзімнің шектеуі алынады. Мысалы, тергеу судьясына жеткізу 48 сағаттан асуына болады.
Статистикалық мәліметтерге қарағанда облыстық соттардың тергеу судьялары биылғы 8 айдың ішінде қараған 3 мың 266 материалдың 843-не күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған. Бүгінде қарапайым халық қамауға алу шарасын азаматтардың кінәсін мойындатып, жауап алу мақсатындағы қысым көрсету құралы ретінде қабылдайды. Сондықтан адамның негізгі құқықтарын шектеу тәртібі жетілдірілуі және барынша оңтайландырылуы тиіс. Сонымен бірге, Ұлыбритания, АҚШ елдеріндегі сияқты қазақстандық адвокаттарға бірқатар өкілеттіліктер беріліп отыр. Бұл адвокаттарға сотқа дейінгі тергеп-тексерудің кез келген сатысында істің барлық материалдарына толық қол жеткізу құқығына мүмкіндік береді. Осыған орай шындықты анықтау мен адвокаттардың қорғау желісін дұрыс құруына ықпал жасалады.
Ұсынылған жаңашылдықтар адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін дамытуға және сот талқылауының тиімді үлгісін құруға бағытталып отыр. Соған орай қылмыстық процесті реформалау және құқық қорғау қызметін жетілдіру қылмыстық сот ісін жүргізуге, оның ашықтығын арттыруға және құқық қорғау тетігін күшейтуге мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстанда жоғары құқық қорғау стандарттарына негізделген қылмыстық үдерістің өзіндік үлгісі қалыптасады.


Мейрамбек Таймерденов,
облыстық сот төрағасы.