Өзара келісімге келді

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1319
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қыркүйек айының 13-і күні облыстық Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында өткен ашық сот мәжілісінде бұрын әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, 1984 жылы туған азаматша А-ға қатысты ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексiнiң 73-1 бабының  1 бөлігімен қозғалған әкімшілік құқықбұзушылық ісі қаралды.

Сот отырысында тамыз айының 18-і күні, кешкі сағат 19.10 шамасында азаматша А-ның  Текелі қаласында өз үйінің ауласында кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қол жұмсағаны айтылды. Соған орай әкімшілік құқықбұзушылықты көрген балалардың әкесі, азамат Б. сотқа шағымданған. Сот сараптамасының шешімі бойынша балалар денсаулығының қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққаны белгілі болды. Яғни, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені анықталады. Сот медициналық сараптамасы жәбірленушінің балаларының жеңіл дәрежедегі дене жарақатын алғанын 22 тамызда растайды. Осындай жөнсіз әрекетіне байланысты азаматша А. әкiмшiлiк құқықбұзушылықты жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Сот отырысында азаматша А.  өз кінәсін мойындап, аулада кәмелеттік жасқа толмаған балаларды әкесінің көзінше ұрып жібергенін, артынан олардан кешірім сұрағанын айтып, қатаң жаза қолданбауды өтінді. Сонымен қатар, жәбірленушімен татуласуына байланысты әкімшілік іс өндірісін қысқартуды сұрады. Тараптардың жауабын және прокурордың пікірін тыңдаған сот іс құжаттарын зерттеп, азаматша А.-ға қатысты Қазақстан Республикасы «ӘҚБт» Кодексінің 73-1 бабының 1 бөлігімен қозғалған әкімшілік іс өндірісін қысқартуға жатады деп санап әрі Қазақстан Республикасының «ӘҚБт» Кодексі 64-бабы,  1 бөлігін басшылыққа ала отырып, келісім тараптардың өз еркімен жасалған және басқа тұлғалардың құқықтарына қайшы келмейді деп тұжырымдады.
Тараптардың арасында жасалған дауды реттеу туралы келісім іс құжаттарына тіркелді. Сот отырысында тараптарға дау бойынша тараптардың келісімге келуінің және әкімшілік іс өндірісінің қысқартылуының  құқықтық салдары түсіндірілді. Осылайша ҚР «ӘҚБт» Кодексінің 64-бабы 1-бөлігін басшылыққа алып, сот азаматша А-ға қатысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 73-1 бабының 1 бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық іс өндірісін тараптардың татуласуына байланысты қысқартты.


Нұржан ҚАРАБАЕВ,
облыстық Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы.