Жетісу облысында былтыр 826 ұрлық ашылып, 59 қылмыстық топ қолға түсті

Уақыты: 11.04.2023
Оқылды: 913
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Атығай Арыстанов тұрғындармен есептік кездесу өткізіп, халықты толғандырған мәселелерді анықтады. Алдымен өңірдегі қылмыстың ашылуы жөніндегі деректерді таныстырған генерал-майор жергілікті жұртшылықтың береке мен бірлігі заңбұзушылықты болдырмауға ықпал ететінін түсіндірді.

Өз сөзін:  «Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ айтқандай, ішкі істер органдарының басты міндеті – қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам өмірі мен денсаулығын қылмыстық және құқыққа қарсы қол сұғудан қорғау. Өткен жылы және ағымдағы жылдың 3 айында полиция департаменті Жетісу өңірінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жұмыс атқарды, – деп бастаған полиция департаментінің басшысы қылмыстың үлес салмағын саралады. – Былтыр қылмыстық құқықбұзушылықтардың жалпы тіркелуі 4,7%-ға азайды, оның ішінде кісі өлтіру 27,3-ға, қарақшылық 44,4%-ға, тонау 8,7%-ға, бұзақылық 29%-ға, бөтеннің  мүлкін ұрлау 0,8%-ға төмендеді. Қолданылған шаралардың арқасында қоғамдық орындарда, көшелерде жасалатын қылмыстың саны азайды. Құқықтық тәртіпті  қамтамасыз ету мақсатында былтыр 2 мыңнан астам қылмыс ашылып, іздеуде жүрген 89 қылмыскер ұсталды. Із-түзсіз жоғалды деп танылған 41 адамның жүрген жері анықталып, қоғамдық дүмпу тудырған бірнеше қылмыс белгілі болды. Сонымен қатар, өткен жылы бұрын жасалған 1012 қылмыстың санатына кіретін 123 қылмыс ашылды».

Оның айтуынша, былтыр 826 ұрлық ашылып, 59 қылмыстық топ қолға түскен. Соған орай құны 231 миллион теңгеден асатын қаржы зардап шеккендерге қайтарылған. Қылмыстың ашылуына ең алдымен бейнебақылау камералары  көмектесіп келеді. Атап айтқанда, камералардың көмегімен 249 қылмыс ашылып, 16 146 құқықбұзушылық анықталған. Осыған байланысты облыс әкімдігі көшелер мен аулаларға, халық көп жүретін орындарға бейнебақылау камераларын орнату мәселесін қарастырып жатыр. Алдағы 2025 жылға дейін Талдықорған қаласына 585 бейнекамера орнатылады.

Көпшілікті алаңдатып отырған мал ұрлығы толастамай тұр. Мал бағудың дұрыс ұйымдастырылмауы, түнде жайылымға жіберу, қораны дұрыс бекітпеу, сырға немесе таңба салмау ұрланған малды анықтауға кедергі келтіреді. Қараусыз жүрген ірі қараның жол-көлік оқиғасына себеп болуынан былтыр 2 адам қаза тапқан. Малды қараусыз жібергені үшін жауапкершілікке тартылған 1975 тұрғынға 18 миллион 148 мың теңге айыппұл салынды. Былтыр мал ұрлығымен айналысқан 8 топ 11 малды ұрлау кезінде ұсталды. Ұрланған 463 мал, оның ішінде 79 жылқы, 52 ірі қара, 332 ұсақ мал иелеріне қайтарылған.

Ескертулер жасалғанына қарамастан көпшілік алаяқтықтан зардап шегіп отыр. Былтыр облыста  тіркелген 915 алаяқтық қылмыстың 446-сы интернет-алаяқтық. Полиция департаментінде құрылған киберқылмыспен күрес жөніндегі бөлім ашқан 89 қылмыстың 32-ін бір қылмыстық топ жасаған. «КИБЕР-БАҚЫЛАУ» ақпараттық бағдарламасымен көпшілікті сан соқтырып кететін интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары жүргізіліп келеді.

Былтыр 52 есірткі қылмысы тіркелген. Оның ішінде 30 қылмыс есірткі таратуға қатысы бар болса, 12 қылмысты синтетикалық есірткі таратпақ болғандар жасаған. Заңсыз айналымнан 141 келіден астам есірткі тәркіленген.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық әлі күнге өзекті болып отыр. Жыл сайын полицияға 2 мыңға жуық шағым түседі. Солардың бәрінде әйелдер зардап шеккені айтылады. Осыған орай ішімдікке немесе нашақорлыққа салынған 73 адам емдеу мекемелеріне орналастырылыпты.

Облыс аумағында орын алған жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің кінәсінен орын алуда. Атап айтқанда, жылдамдықты шектен асыру, жүргізушілер мен жолаушылардың жол ережесін білмеуі жолдағы шетін оқиғаларға себеп болған. Алматы – Өскемен автожолының 124 шақырымынан 616 шақырымына дейінгі аралық қауіпті белдеу саналады. Осы аралықта орын алған 21 жол-көлік оқиғасынан 9 адам қаза тауып, 54 адам түрлі жарақат алған. Облыс аумағынан өтетін жолдарға орнатылған автоматты «ViDAR SPEED-R» жүйесі 8 мыңнан астам жол жүру ережесінің бұзылғанын анықтады. Оларға салынған айыппұл мөлшері 200 миллион теңгеден асып түсті. Сонымен қатар, ең қауіпті саналатын 30 жерге автоматтандырылған «Сергек» жүйесін орнату мәселесі қаралып жатыр. Бұл кісі өліміне апарар жол оқиғасын төмендетуге септігін тигізері анық. Былтыр 97 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу анықталса, автокөлікті мас күйінде жүргізген 487 жүргізуші ұсталған. Жүргізуші куәлігінен айырылған олардың бәрі әкімшілік қамауға алыныпты.

Орын алған қылмыс көрсеткішін таныстырған облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Атығай Арыстанов қоғамдық тәртіпті күзетіп, тұрғындардың тыныштығына алаңдаған полиция қызметкерлеріне артылып отырған жауапкершілік жүгінің ауырлығын алға тартып, жергілікті жұртшылықтың көмегімен қылмысты болдырмау маңызды екенін түсіндірді. Одан соң облыс тұрғындарының сауалына жауап беріп, көтерілген әрбір мәселенің қараусыз қалмайтынын жеткізді.

Кездесуде сұрақ қойып, мәселе көтерген 25 адамның әрқайсысы негізінен қылмыстың неліктен ашылмайтынын сұрап, қоғамдық тәртіпті нығайтудың тиімділігін алға тартты. Осыған орай департамент басшысы жауапты орынбасарларына тапсырма жүктеп, өзекті мәселелерді шешудің жолдарын қарастыруды міндеттеді.

Мәди АЛЖАНБАЙ