Ақпараттық доктринаның мәні не, мәнісі қайсы? 

Уақыты: 11.04.2023
Оқылды: 1105
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазір жаһандану дәуірі. Жұтынып тұр. Түйені түгімен, биені бүгімен жұтуға бар. Қамсыз қалғанды қылғыта салады. Шімірікпейді. Қайтпек керек? Ғаламдық геосаяси жағдайдың түрі мынау. Украина мен Ресейдің текетіресі. Анда-санда бұрқ-сарқ ететін Таяу Шығыстың «бүлкілі». Ақпараттық айқас. Шын мәнінде ешкім ешкімді аяп жатқан жоқ. Аямайды да. Біреу біреудің ешкісін ысқырып жүріп бағадының кері.

Осындайда Шортанбайдың «Заманың сенің құбылды, текеметтің түріндей» деген сөзі ой орамында бұлқынады. Міне, осындай аласапыран заманда Қазақстанның бағыты қандай болмақ? Қарекеті ше? Наурыз айының орта тұсында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ елдігімізді айқындар, ұлттық ұстынымызды биіктетер құжатқа қол қойды. Идеологиямыздың тұғырын биіктетер Ақпараттық доктрина бекітілді. Атаулы құжаттың мәні не, мәнісі қайсы? 

Батыстың «Ақпарат кімде болса, әлемнің тізгіні сонда» деген сөзі бар. Дәл һәм дөп айтқан нақыл. Ақпараттық доктринаның өзегі де сол. Қазақстанның ақпараттық саясатын өрістетуді көздеген айтулы құжаттың мән-жайын таразылап көрсек. Әуелі доктрина халық пен мемлекеттің мүддесін көздейтін басым бастама. Жаһандану дәуірінің жаңа сипатта белең алуы кезінде мемлекеттік тұрғыда ақпараттық қауіпсіздік қалыптастыру үшін жұмыс жүргізу нағыз кезек күттірмес мәселе. 

Шын мәнінде осы уақытқа дейін қазақстандық масс-медианың батыстық, ресейлік ақпарат тасқынына қарсылық танытар қауқарының аздығы байқалып қалды. Оның үстіне қазақстандық қоғам мерзімді басылымдар мен телерадио ақпарларынан гөрі әлеуметтік желідегі өтірік-шыны аралас ақпаратпен сусындап жүр. 

Доктринада айтылғандай, арнайы зерттеулерге сай қоғамның 45,2%-ы ақпаратты жаңа сипаттағы құралдардан алады екен. Оның үстіне әлеуметтанушылар мерзімді басылымдарға назар аударатын халықтың үлес салмағы бар-жоғы 9%-дан аспайтынын зерделепті. Сонымен қатар, баспа ақпарат құралдарына халықтың қызығушылығының уақыт өткен сайын төмендеп бара жатқаны да қазандағы қызған майға су құйғанмен пара-пар болып отыр. Осындай тәуекелдерді ескерсек, интернеттік ақпарат тарату мүмкіншілігі жағынан батыстық, ресейлік медиагерлердің бізге қарағанда әлеуетті екенін аңғарамыз. 

Мұның өзі жас ұрпаққа да әсерін тигізбей қоймайды. Талайдың есінде болар, бірер жыл бұрын қазақстандық жас жеткіншектер арасында аса қатерлі болған, Ресейден тараған «Көк кит» (Синий кит) ойыны біздің ақпараттық қауіпсіздігіміз деңгейінің айтарлықтай төмен екені байқатқан еді ғой. Соған орай Доктринаның бір өзегі – отандық ақпараттық қауіпсіздікті қалыптастыру, идеологияны нығарлай түсу болып табылады. 

Тағы бір жайт, отандық логопед мамандар соңғы уақытта жиі дабыл қағуда. Өйткені, қазақтың қара домалақтарының тілін смартфон арқылы ағылшын, орыс тілінде сындыруы көбейген. Смартфонның өзі тіл үйретпейді, мұндай миссияны интернет желісіндегі, оның ішінде YouTube платформасындағы өзге тілдегі контенттер атқарып отыр. Смартфон құшақтап жүрген бүлдіршіндер бар мен жоқты айыра алмай жатып «no» мен «yes-ті» жатсынбай қабылдауда. Себебі, төл тілімізде шетелдік бейнеконтентке қауқар көрсетер қарекетіміз болмай отыр. Оның үстіне бірер жыл бұрын ғаламды жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстаған індет әрбір адамның, оның ішінде балалардың желіге жегіле түсуін одан әрі үдетті. Ал, интернеттік ақпараттың мерзімді басылымдарға қарағанда үнемі шынайы бола бермейтінін ескерсек, «Балам – болашағым» деген елдің ұрпағы қандай ақпарға сусындап жүргенін кім білсін?! Ал атаулы құжат алдағы уақытта ұрпақ қауіпсіздігін қалыптастырары анық. 

Жалпы, ақпарат таратудағы жаңа тенденциялар қалыптасқан дәстүрлі ақпарат құралдарына шынында кедергісін келтіруде. Қысқа әрі бейнелік ақпарат таратуда әлеуметтік желінің мерзімді басылымдарға қарағанда әлеуеті зор. Дегенмен, сол әлеуеттің теріс һәм манипуляциялық бағытта жұмсалуы аса қауіпті. Тағы бір мысал,  Украина – ресей арасындағы қарулы қақтығыс кезінде бір жайт орын алды. Бейнебаянға түсіруші тарап «Украина жасасын!» деген тұтқын сарбазға оқ жаудырып, ол сол жерде жантәсілім етті. Желіде жылдам тараған бейнебаян тек Украинада ғана емес, әлем бойынша Ресейге деген өшпенділікті туындатты. Бірақ, мұның арнайы актерлік қойылым еместігіне, оның шынайы өмірде орын алған-алмағанына ешкім мән беріп жатпады. Осылайша украин сарбазына, оның көзсіз ерлігіне деген құрмет ресейліктер тарапына өшпенділікті үдетті. Бір ғана бейнебаянның әсері бұл. Есесіне, дәл осылай әсер ету тетігін мерзімді басылымдар қоздыра алмас еді. Себебі, қазіргі қоғам жазған мен сызғаннан гөрі бейнебаянға түсірілгенге әрі қысқа түсірілімге әбден дағдыланған. Қабылдау оңай, әсер ету мүмкіндігі жоғары болған соң солай. Міне, отандық ақпараттық қауіпсіздікті қалыптастыру мақсатында жаңашыл ақпарат құралын игеру жайы доктринада нақты айтылған. 

Доктринаның мақсат-мүддесі – ақпараттық қауіпсіздікті қалыптастыру. Өйткені, қазір ақпаратты идеологиядан бөліп қарастыру мүмкін емес. Ақпаратты кім игерсе, соның идеологиясы басым деген сөз. Атаулы құжатта көзделгендей, ақпараттық саясатты жетілдіру аса маңызға ие. Шын мәнінде отандық ақпарат құралдарының әлеуетін жаңашыл ақпарат құралдарына бағыттау кезек күттірмес мәселе. Айта кететін жайт, мерзімді басылымдарға  сұраныс барда оның да қажеттілігі төмендемейді. Алайда, қазіргі «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар тарататын» тетіктерді қолдану аса маңызды. 

Отандық ақпараттық контенттің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыру доктринадағы негізгі басымдық. Шынтуайтына келгенде, қазақстандық сайт-платформалардың дені «ұрып кетті, соғып кетті, сырын айтты, шынын айтты» ақпаратынан басқа жақ ашпайды. Не мағына, не мән жоқ, «сарыбасылымдық» функцияны ғана атқарып отыр. Бұл көпке топырақ шашу емес, талайдың шымбайына батып жүрген жайт. Есесіне, шетелдік интернет ақпарат құралдары қазақстандық қоғамға барынша манипуляциялық әсерін тигізуде. Қазақ- станның әрбір тұрғынына елімізде болып жатқан саяси жайлар мен жүйелі жұмыстардан гөрі шетелдік ақпаратқа сусындау оңай. Мәселен, қазақстандық қоғам жуырдағы министрлер тағайындауларынан гөрі Украина мен Ресей арасындағы жағдаяттарға әбден қанық. Бұл, бір жағынан, отандық интернет контенттердің сапалы ақпарат таратуда кемшін қалып, бәсекелестікке төтеп бере алмай жатқанын аңғартса керек. Ендігі ретте доктрина өзегінде сапа мен бәсекелестік қалыптастыруымыз аса қажет. 

Үшіншіден, доктрина ақпараттық кеңістікті құндылықтық тұрғыдан толықтыруға бастайды. Отандық БАҚ жалаң ақпарат тарату құралына айналмауы керек. Жоғарыда айтқанымыздай, саналы ұрпақ тәрбиелейтін, ұлттық идеологияны тірілтетін, мемлекеттік мүддені көтеретін ақпараттық кеңістікті қалыптастыруы аса қажет. Сонда ғана қазақстандық ақпараттық кеңістік қауіпсіз болмақ. 

Жалпы, Ақпараттық доктрина мемлекет үшін де, оның тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін де уақыт талабына сай пайда болған құжат. Бастысы, осынау аса маңызды құжат Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыру үшін ақпараттық қауіпсіздікті, ұлттық һәм мемлекеттік идеологияны тірілтуге бағытталып отыр. 

Дастанбек САДЫҚ