Панфилов ауданының прокуратурасы 35 заңбұзушылықты анықтаған

Уақыты: 25.04.2023
Оқылды: 1155
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жақында Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев «Заң керуені» акциясы аясында Панфилов ауданының тұрғындарымен кездесті. Келелі жиынға облыс әкімінің орынбасары Ернат Бәзіл, құқық қорғау саласының қызметкерлері мен құзыретті сала мамандары қатысты. 

Аудандық Мәдениет үйінде өткен кездесуде алғаш болып Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек тізгін тартып, спикерлерді таныстырды. Мұнан соң мінберге аудан прокуроры Бауыржан Тойбаев көтеріліп, сала бойынша атқарылған шаруалардың тінін тарқатты. Аудан аумағында үстіміздегі жылы пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару, жол құрылысының сапасын тексеру, азаматтардың құқығын қорғау және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында құзырлы орган ауқымды жұмыс жүргізіпті.

Мәселен, тексеру һәм қадағалау нәтижесінде аудан прокуратурасы 35 заңбұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде 12 тұлға тәртіптік және 13 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 16 ұсыныс енгізілген. Сала басшысы сөз арасында кәмелетке толмағандардың, кәсіпкерлердің құқығын қорғау, бюджет қаржысын жұмсау және мемлекеттік сатып алу төңірегінде де атқарылған жұмыс жайын пысықтады. 

Мұнан кейін облыс прокуроры Мадияр Бекенұлы аудан тұрғындарының сөзіне құлақ түрді. Көпшіліктің көкейінде көп сауал болғанмен денін егін егу маусымында дизель отыны мен тыңайтқыштарды жеткізу жайы, тапшылық болдырмау мәселесі алаңдатады екен. Сонымен қатар, жайылымдық жер тапшылығы, жол сапасы, түнгі жарықтандыру және елді мекендерді көгілдір отынмен қамту жайы да талайдың шымбайына батқан сыңайлы. Жиынға мұрындық болған сала жетекшілері тұрғындар тарапынан қойылған сауалға тұшымды жауап беріп, мәселелерді шешуге құзыретті сала басшыларына нығырлай тапсырма берді. Сонымен қатар, Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев мұндай кездесудің алдағы уақытта жиі өтетінін де атап өтті. 

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы