Қызмет көрсету тұтынушы талабына сай болмаса не істеу керек?

Уақыты: 06.06.2023
Оқылды: 944
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Құрметті оқырмандар,  тұтынушы құқығына байланысты жолдаған сауалдарыңызға облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің жауапты мамандары жауап береді.  Сұраққа берілген жауапты жариялап отырамыз. 

Сұрақ: – Көптен бері  бір сұлулық салонына барамын, бірақ маған чек бермейді. Олар чек беруге міндетті ме? 

Жауап: – Есіңізде болсын, сіздің чекті талап етуге құқығыңыз бар. Сұлулық салоны салық төлеуші болып табылады.   Бұл –  Салық кодексінде көзделген міндет.  Қызмет көрсетуші  талапты орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.  ҚР Салық кодексінің 166-бабына сәйкес  Қазақстан аумағында ақшалай есеп айырысу, мемлекеттік тізілімге енгізілген деректерді тіркеу бақылау-кассалық машиналар арқылы жүргізіледі.

Сұрақ: – Қоғамдық тамақтану орнынан сатып алған астың дәм-тұзы жетіспесе  не  істеу керек?

Жауап: – Тұтынушы тағамға тапсырыс берер алдында  ас-су жайында  толық ақпарат алуға құқылы.  Өнім туралы ақпарат  "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы"  ҚР Заңының 25-бабына сәйкес  ұсынылуы тиіс. Егер тұтынушы көрсетілген қызметке көңілі толмаса "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы"  ҚР Заңының 35-бабының 1-тармағына сәйкес  талап етуге құқылы. 

Сұрақ:  – Егер кассадағы тауардың құны баға белгісінде көрсетілгеннен жоғары болса  не істеу керек?

Жауап: –Дүкенде сатып алушы бір немесе басқа өнімді сатып алуды жоспарлап, оның бағасы жоғары болғанына таң қалатын жағдай жиі кездеседі. Бұл жағдай кассаға барған кезде белгілі болады. Кассадағы баға көрсетілген бағадан өзгеше екенін көріп, залға барып, қажетті тауардың баға белгісін суретке түсіруі кажет. Содан кейін дүкен әкімшісін шақырып, тұтынушының құқықтарын бұзу фактісі туралы, атап айтқанда, баға айырмашылығы жайында хабарлау қажет.  Сонымен, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 24-бабына сәйкес сатушы тауарды сауда нысанының ішкі және сыртқы витриналарында қойылған баға жапсырмасымен ресімделген ақшаға  сатуы тиіс. Сатып алушы тауарды  көрсетілген құн бойынша сатуды талап етуге құқылы және жаңадан қойылған бағаға келіспеуге құқы бар.

Сонымен қатар, егер сатушы қорытынды бағаны зат белгіде көрсетілгеннен жоғары қойса немесе тауарда баға белгісі болмаса, онда «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 193-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес 200 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді. Егер тауар баға белгісінде көрсетілген қаржыға сатылмаған болса, тұтынушы сатушыдан артық төленген ақшаны қайтарып алуға құқылы.  Егер сауда нүктесінің әкімшілігі ақшаны қайтарудан бас тартқан жағдайда, сатып алушы баға белгілеуде көрсетілген қаржы арасындағы айырмашылықты төлеуді талап ете отырып, басшылыққа шағым жазуға қақысы бар. Егер сауда объектісінің басшылығы жазбаша шағымға жауап бермесе және күнтізбелік 10 күн ішінде ақшаны қайтармаса, тұтынушы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органға немесе тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу құрылымына арыз жаза  алады.

Сұрақ: – Кассада мүлдем басқа бағаны айтса не істеу керек?

Жауап: – «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Заңның 24-бабына сәйкес сатушы тауарды бағалар заттаңбасымен рәсімделген, сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы витриналарында көрсетілген құнымен сатуға міндетті. Сол себепті кассада мүлдем басқа бағаны айтса, тұтынушы тауардың заттаңбасында көрсетілген бағаға сатуды талап ете алады. Ақшасын төлеп қойған жағдайда айырмашылығын қайтарып алуға мүмкіндігі бар. Тауардың заттаңбасында көрсетілген бағаны фотоға немесе видеоға түсіріп алған жөн. Сосын сауда орнының әкімшілігіне арыз жазуға  болады. Сатушы тұтынушының талабын орындамаса, құзыретті мемлекеттік органдарға шағым түсіру керек. Ондай тәртіп бұзушылықтар үшін 200 айлық есептік көрсеткішке (583 400 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салынады.
Қазақстанда тұтынушылардың арыз-шағымына арналған e-tutynushy.kz сайты бар. Сол жерде кез келген адам нақты бір сатушыға қатысты арызын қалдыра алады. Шағымды қарау тәртібі: тұтынушы арыз қалдырады; сатушы 10 күннің ішінде тұтынушымен арадағы мәселені шешеді; осы уақыттың ішінде мәселе шешілмесе, мемлекеттік органдар көмектеседі.
Айта кетерлігі, тұтынушы мен сатушы арасындағы дау өзара шешілмесе, соттың көмегіне жүгінуге тура келеді.
Кейбір тауарларды қайтаруға болмайды. Сатушы қайта қабылдамайтын өнімдердің қатарына дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар жатады.  Оған ұялы телефондар, шұлықтар, өсімдіктер, жануарлар, өлшеніп сатылатын тауарлар жатады. Мысалы, мата, кілем, кабель және тағы басқа заттар. 

Сұрақ:  – Тауарды қайтару үшін қандай құжат қажет?

Жауап: – Кез келген тауарды қайтару үшін алдымен оны дәл сол жерден сатып алғанын дәлелдеу керек. Ол үшін чекті немесе келісімшартты көрсету қажет. Осы екі құжат болмаса да тауарды қайтаруға болады. Бірақ нақты дәлелдерді келтіру керек. Олар фото немесе видео, куәгер, сатып алуды растайтын басқа да құжаттар болуы тиіс. Тауар интернет арқылы сатып алынса, тауар-көлік жөнелтпе құжатын көрсетуге болады.  Чек – бұл басты құжат. Сондықтан кез келген тауардың чегін сұрап, сақтап отырған дұрыс.
Тұтынушы картамен төлесе, ақша сол картаға қайтарылады. Ол үшін карта нөмірін айтып, жеке куәлік, төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін көрсету керек. Ақша бірден түспеуі мүмкін. Банк ондай операцияны 3-10 күннің ішінде орындайды.

Сұрақ: – Сапасыз тауарға талап қою мерзімі қалай есептеледі?

Жауап:  – «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Заңның 17-бабында тауардың кемшілігіне қатысты талап қою мерзімі де көрсетілген. Жарамдылық және кепілдік мерзімі болса, сол уақыттың ішінде талап қоюға болады. Ал кепілдік немесе жарамдылық мерзімі белгіленбесе, сатылған тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жылдың ішінде талап қоюға мүмкіндік бар. Кей кезде кепілдік мерзімі екі жылдан аз болады. Бірақ тауардағы кемшілік кепілдік мерзімі өткеннен кейін анықталады. Егер тұтынушы тауардағы кемшілік оны алғанға дейін болғанын дәлелдесе, сатушы айтқанын орындайды. Ал тауарды немесе оның бір бөлшегін ауыстырғаннан кейін кепілдік мерзімі қайтадан басталады.

Сұрақ:  – Сапасыз тауарға қандай талап қойылады?

Жауап: – Сатушы тауардың кемшілігін айтпай сатып жіберсе, тұтынушы оған бірнеше талап қоя алады. Атап айтқанда,  бағаны арзандату,  тауардың кемшілігін өтеусіз жою, тауардағы кемшілікті жоюға жұмсаған өз шығынын өтеу, соған ұқсас маркалы тауарға ауыстыру, сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (моделді, артикулді) сондай тауарға ауыстыру.  Тауар үшін төленген ақшалай қаржыны қайтару. Тұтынушылар тауардың кемшілігі салдарынан өз өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген залалды толық көлемде өтеуді талап ете алады.

Сұрақ: – Қандай тауарды қайтаруға болады?

Жауап: – «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Заңның 14-бабына сәйкес тұтынушылар тауарды айырбастауға немесе қайтарып беруге құқылы. Мысалы, киімнің түсі немесе фасоны ұнамай қалса, басқасына айырбастай алады. Бірақ, бірнеше талапты ескеру керек. Олар тауарды бүлдірмеу, этикеткасын сақтау арқылы тауарды сатып алғаны туралы құжатты көрсетеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарды 14 күннің ішінде айырбастауға болады. Тұтынушы баға айырмашылығын төлейді. Ал айырбастайтын тауар болмаған жағдайда сатып алушы ақшаны талап етуге құқылы.

Гүлжан ТҰРСЫН
Фото: көрнекілік үшін