Автокөлікті жалған құжаттар бойынша тіркеген қылмыстық топтар ұсталды

Уақыты: 19.06.2023
Оқылды: 935
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері шетелден әкелінген автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топтардың жолын кесу және оларды ұстау бойынша жедел-тергеу іс-шараларын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мәселен, Ақмола облысында тіркеуге заңсыз қойылған жүк автокөліктері анықталды. Өткен жылдың ақпан айынан ағымдағы жылдың сәуір айына дейін қылмыстық топ алғашқы мемлекеттік тіркеу алымын төлегені туралы жалған құжаттарды пайдалана отырып, 62 жүк автомашинасын қазақстандық есепке қойған.

Әрбір жүк автомашинасын алғашқы мемлекеттік тіркегені үшін ресми төлем шамамен 7-8 млн теңге болуы тиіс еді. Алдын ала деректер бойынша мемлекетке келтірілген шығын шамамен 500 млн теңгені құраған. Алматы қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері тағы бір қылмыстық топты анықтады.

Қазақстанға Оңтүстік Кореядан жеткізілген жеңіл автокөліктерді заңсыз тіркеген. Сондай-ақ жалған құжаттар бойынша тіркелген 250 автокөлік анықталды, олар бойынша мемлекетке келтірілген шығын 340 млн теңгеден астам.

Бұл жағдайда қылмыстық топ көлік құралдарына жалған құжаттар жасаған, олар шығарылған жылын 2018-2020 жылдар деп өзгерткен, алғашқы мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген соманы төлемеген.

Астана қаласында қылмыстық топ автокөліктерді автобөлшектер түрінде жеткізуді ұйымдастырған және олардың шанақтарын ауыстыру туралы жалған құжаттар арқылы қазақстандық есепке қойған.

– Күдіктілер ұсталып, кінәларын мойындады. Сонымен қатар олардан заттай дәлелдемелер мен жалған құжаттар тәркіленді. Тергеу амалдары жалғасуда, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Фото: Polisia.kz