Дүрмекті кезде думандатқанымыз қалай?

Уақыты: 28.04.2024
Оқылды: 534
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Дүниеқұмарлыққа бой үйреткен адамдардың жан дүниесінде теріс мінез, жаман қылық көп болатындай. Содан болар, адам ізгілік жолдарынан алыстайды.

Жалпы, өзгенің қайғысына көңіл бөлмейтін, жаны ашымайтын, ақыл өрісі тар, түсінігі төмен, маңайындағыны көрмейтін, байыптап бағдарламайтын, басқаның басына түскен қиындық ертең өз басына келуі де мүмкін екенін пайымдай алмайтын адамдардан ештеңе күтуге болмайды. Олар дүние төңкеріліп жатса да өз басының тыныштығы мен сауық-сайранынан басқаға көңіл бөлмейді. Қазақ халқы ізгілікті істі қастерлі ұғым деп санаған. Бір-біріне жанашыр болу, қолғабыс жасау, қиындықта сүйемелдеу ұлтымыздың жазылмаған заңдылығы еді. Алайда. Ой арасын осы бір сөз бұзады ғой. Қазір қиын-қыстау кезең туды. Еліміздің басым бөлігінде тасқын су басып, қараша жұрт әбігерге түсуде. Cоған қарамастан әр жерде тойлар, жарыстар, көңілді шаралар өтуде. «Менің қосым шет жағында, не болса ол болсын, өзімнен аулақ» деген ниеттегі «жатбауырлыққа» жол болсын?!

Кейбір ресми құрылымдар, қоғамдық ұйымдар осындай сәтте спорттық шаралар, көңілді кештер өткізуге көңіл бөлмекші екен. Мәселен, естуімізше, ҚР Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы, Қазақстан бойынша Өңірлік сот орындаушылары палаталары спорттық шаралар өткізуде. Бұл – масқара. Данышпан Абай айтқандай, «басында ми жоқ, өзінде ой жоқ» пақырлар кездеседі. Бірақ, дәл бұлай болмауы тиіс-тін. Тіпті, қоңсы жатқан қырғыз елі де қиын күндерімізді шымбайына батқан жай деп қабылдап, әлсін-әлсін көмегін беруде. Қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай жатқан сәтте бауырлас елдер де қарап қалып жатқан жоқ. Қам-қарекетінше жәрдемдесуде. Ал біздегілер думандатуда. 

Шыны керек, біздің бауырмалдық намысымыз қайда қалды? Ар-намысты жиып қойып, жарыс ұйымдастырар мезгіл ме? Тіптен, дүниежүзілік олимпиаданы өткізуді де халықаралық жағдайға байланысты шегеріп жатады. Елімізде де мемлекеттік деңгейдегі жарыстар өткізу кейінге қалдырылды емес пе?! Бұқаралық спорттық жарыстарды тоқтата тұруға болады ғой. 

«Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» дейді халық даналығы. Алты Алаштың баласы апаттан опық жеп жатқанда думанды кештерді, салтанатты жиындарды доғармасақ, хакім Абай айтпақшы, «біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегенге саяды. Апаттың беті қайтар, ел түзелер, орнында бар оңалар. Әлі думанды кездер келеді.

Иманғали Құдайбергенұлы,
Қазақстан Республикасының І дәрежелі үздік сот орындаушысы

Фото: gov.kz

Редекциядан: Осы мақала баспаға басылуға дайындалып жатқанда Жетісу облыстық жеке сот орындаушылар палатасының басшысы Руслан Қадіржанұлы белгіленген спартакиаданың кейінге қалдырылып, тасқыннан зардап шеккен жандарға қомақты көмек көрсетуге шешім қабылданғанын хабарлады.