Азаматтарға арналған үкімет

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1682
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Есіктен есікке жүгіріп, көптеген анықтама, құжат жинаудан, бос жүрістерден шаршаған қазақстандықтар үшін «Азаматтарға арналған үкімет»  мемлекеттік корпорациясы құрылды. Қазіргі таңда көптеген мемлекеттік қызмет түрлерін Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) бармай-ақ өзінің жеке  компьютері немесе ұялы телефон, смартфоны арқылы жеке кабинетіне кіріп алуына болады. Мұның бәрі уақытымызды үнемдейтіні шындық. Міне, осы ел азаматтары үшін жасалынып жатқан жеңілдік, ХҚКО-ның қазіргі таңдағы көрсететін қызметі, артықшылықтары туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ Алматы облысы бойынша филиалы ХҚКО департаментінің директоры  Ермек БЕКЖҮНІСОВ әңгімелейді.

Қазіргі таңда Алматы облысының         2 миллионнан астам тұрғынына 20 аудандық, қалалық бөлім, оның ішінде мамандандырылған ХҚКО, ӘТВЕО-ның 2 секторы ( Еңбекшіқазақ, Талдықорған), ХҚКО-ның 6 секторы (Қабанбай, Шелек, Қаракемер, Боралдай, Лепсі, Нарынқол) қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, аудан орталықтарынан шалғай орналасқан елді мекендерде 5 мобильді ХҚКО және 8 (СОПС) ауылдық пошта бөлімдері жұмыс істеуде. Алматы облысы бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»  арқылы ең көп қызмет көрсеткендердің үздік бестігінің қатарында.
2017 жылдың 11 айында ХҚКО-ның аудандық және қалалық бөлімдері азаматтарға 3 миллионнан астам қызмет көрсетті. Оның 2 миллионнан астамы электронды түрде көрсетілген, яғни бұл жалпы көрсетілген құжат санының 71% құрайды. Сонымен қатар, азаматтардың компьютерлік сауаттылығын арттырып, «Электрондық үкімет» порталын дамыту мақсатында өзіне-өзі қызмет көрсету «Connection point» секторы арқылы 1 млн. астам қызмет көрсетілген, соның ішінде үш жүз мыңнан астам электрондық цифрлық қолтаңба берілді. Аталған электрондық цифрлық қолтаңбаларды пайдалану арқылы азаматтардың Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінбей-ақ мемлекеттік қызметтерді үйінде немесе  жұмыс орнында отырып  алуына мүмкіншіліктері бар. 
Бұған қоса, мобильдік  ХҚКО-лар  аудан орталықтарынан шалғай орналасқан 90 елді мекенге шығуды жүзеге асырып,  37267 қызмет көрсетті. Сонымен қатар, I–II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз  мемлекеттік қызметтер алуына қолайлы жағдайлар жасалынған. Атап айтсақ, Алматы облысында  I-II топтағы мүмкіндігі шектеулі 28 730  азамат тіркелген. Бірыңғай байланыс 1414 орталығына хабарласып, 3546 мемлекеттік қызмет мүмкіндігі шектеулі жандарға үйіне шығу арқылы көрсетілді. Бұған қоса, есту және сөйлеу қабілеті нашар мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік қызметтерді кедергісіз көрсету үшін аудандық және қалалық ХҚКО бөлімдерінде 86 қызметкер ымдау тілінде оқытылды. Сондай-ақ, аталған бөлімдерде мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін арнайы жұмыс орындары бөлініп, есту және сөйлеу қабілеті нашар мүмкіндігі шектеулі жандарға қосалқы монитор арқылы «онлайн» режимінде сурдоаударма жасалынып тұрады. 
Сыбайлас жемқорлықпен күреске де үлкен мән берілуде. «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің, құқық қорғау органдары мамандарының қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ішкі семинар-кеңестер өткізіледі.
Ағымдағы жылдың наурызынан бастап аудандық және қалалық ХҚКО бөлімдерінде орналасқан халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері   әлеуметтік қызметтер бойынша және міндетті медициналық сақтандыру бойынша кеңес беріп, қызмет көрсетуде. Аталған қызметкерлерден өзіңіздің қандай әлеуметтік мәртебеге (жалдамалы жұмыскер, жеке кәсіпкер, өзін-өзі жұмыспен қамтушы азамат) жататындығын біле аласыз. Сонымен қатар, өзіңіздің қандай әлеуметтік мәртебеге жататындығыңызды «Электронды үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы арқылы білуіңізге болады. Сондай-ақ, 2017 жылдан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ-мен мемлекеттік қызметтерді оңтайландырып, халықтың уақытын үнемдеу мақсатында  келесі пилоттық жобалар жүзеге асуда. Аталған пилоттық жобаларға нақтырақ тоқтала кететін болсақ:
2017 жылдың қаңтар айыннан бастап «Қайтыс болуын тіркеу» және «Жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау» композиттік қызметтері бойынша пилоттық жобасы іске қосылды. Аталған пилоттық жоба бойынша азаматтар ХҚКО бөліміне бір рет жүгініп, екі мемлекеттік қызмет түріне құжаттарын тапсырады.  
«Бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды, сондай-ақ, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде эксаумақтық қағиданы (облыс шегінде) қолдану» бойынша пилоттық жобасы іске қосылды. Аталған пилоттық жоба бойынша азаматтар тұрғылықты мекенжайына қарамастан кез келген ХҚКО бөліміне (облыс шегінде) жобамен қарастырылған мемлекеттік қызмет түрлеріне құжаттарын тапрсырады. 
2017 жылдың ақпан айыннан бастап «Қазпошта» АҚ-ның бөлімшелері арқылы дайын болған құжаттарды азаматтардың үйлеріне жеткізу» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл пилоттық жоба бойынша, «Қазпошта» АҚ-ның жауапты қызметкерімен  азаматтар арасында келісімшарт жасалынып, дайын болған құжаттар көрсетілген мекенжайға жеткізіледі.
Биыл сәуір айынан бастап, «Апостильмен бірге соттылығы бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама беру» пилоттық жобасы іске қосылды. Аталған пилоттық жоба арқылы шетелге шығып бара жатқан азаматтар бір өтінішпен екі мемлекеттік қызмет түрін 8 жұмыс күнінде алады. Ал  бұрын мысалы, «Соттылығы бар-жоғы екендігі туралы анықтаманы» алу үшін 5 жұмыс күні, оған апостиль қою үшін тағы 17 күн кететін. Яғни, тұтынушыға апостиль қойылған анықтаманы алу үшін екі рет өтініш тапсыруға тура келетін. 
2017 жылдың шілде айынан бастап, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы құжаттарды қабылдау және беру» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл пилоттық жоба арқылы азаматтар тек қана ХҚКО бөлімдері ғана емес, барлық «Қазпошта» АҚ-ның бөлімшелері арқылы 66 мемлекеттік қызмет түрі бойынша өтініштер өткізіп, сол бөлімше арқылы дайын құжаттарын ала  алады.  
«Азаматтық хал актілер тіркеу бойынша кейбір мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ХҚКО арқылы Бірыңғай халыққа қызмет көрсету орталығы қағидаты бойынша көрсету жөніндегі» пилоттық жоба іске қосылды. Аталған  пилоттық жоба арқылы азаматтар             1) «Бала тууды тіркеу», 2) «Қайтыс болуды тіркеу», 3) 2008 жылдан кейін тіркелген заңды күшіне енген сот шешімі негізінде «Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды тіркеу» мемлекеттік қызмет түрлерін 3 сағаттың ішінде ала алады. Бұрын азаматтар аталған үш мемлекеттік қызметтің нәтижесін алу үшін кемінде 2 жұмыс күнін күтетін. Бұл пилоттық жоба «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Алматы облысы бойынша филиалы – ХҚКО департаментінің 15 бөлімінде іске асуда. 
Осы жылдың тамыз айынан бастап «Сіздің дербес менеджеріңіз» атты пилоттық жоба Талдықорған қалалық ХҚКО бөлімімен Мамандандырылған ХҚКО бөлімінде  іске қосылды.  Мәселен, егер, сіздің  ХҚКО-ға баруға және құжаттар жинауға уақытыңыз жоқ болса, аталған пилоттық жоба аясында  мемлекеттік корпорацияның  қызметкерімен келісімшарт жасау арқылы «дербес менеджердің» қызметін алсаңыз  болады.  Дербес менеджер Сіздің атыңыздан сенімхаттың негізінде құжаттар рәсімдейді. Мысалы, автосалоннан несиеге немесе бөліп төлеуге көлік сатып алған кезде, біздің дербес менеджер жылжымалы мүлік кепілін тіркейді, көлікті есепке қояды және қажет болса, барлық дайын құжаттарды үйге жеткізіп береді. Дербес менеджердің қызметі  ақылы, ақпараттық анықтамалар 200 теңгеден басталады, қызметтің  күрделілігіне  қарай 23 мың теңгеге дейін жетеді. Жоба банктен несие алушылар, көлік сатып алушылар мен бизнес өкілдеріне  өте қолайлы. 
2017 жылдың қыркүйек айынан бастап «Азаматтарға сот органдарында ЭСҚ беру» пилоттық жобасы Талдықорған қаласы мен Қарасай ауданының  соттарында іске асуда. Бұл ретте ХҚКО қызметкерлері  арқылы  аталған сот ғимараттарында  ЭЦҚ ала аласыз, ал соттың жауапты қызметкерлерінен «Сот кабинеті» сервисі бойынша кеңес аласыз.
Өздеріңізге мәлім, 2014 жылдың 23 желтоқсанында Талдықорған қаласының «Шығыс» шағын ауданының орталық көшесінде «Мамандандырылған ХҚКО» ашылған болатын. Аталған, ХҚКО арқылы автокөлікті тіркеу немесе қайта тіркеуге және жүргізуші куәлігін алуға болады. Сондай-ақ, жоғары  сұраныстағы  автомобиль нөмірлерін сатып алуға мүмкіншілік бар. Сонымен қатар, арнайы көлік жүргізу алаңында мотоциклді, жеңіл автокөлікті, жүк көлігі мен автобусты жүргізу арқылы  А, В, С, D категориялар бойынша практикалық емтихан тапсырады.  Биылғы 11 айда «Мамандандырылған ХҚКО-да» 60 мыннан астам құжат қабылданды. 
Тағы да айта кететін жайт, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап «Электронды үкіметтің» www.egov.kz веб-порталынан 30 мемлекеттік қызметті электронды цифрлық қолтаңбасыз алуға мүмкіншіліктеріңіз бар. Ол үшін Сізге ХҚКО бөлімдері немесе «Электронды үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы арқылы «мобильдік азаматтар қорына» өзіңіздің ұялы телефон нөміріңізді тіркетулеріңіз қажет. Содан соң аталған веб-порталында ЖСН және «мобильдік азаматтар қорында» тіркелген ұялы телефон нөмірін көрсетіп, келіп түскен бір жолғы парольді арнайы жолға енгізу арқылы  30 мемлекеттік қызметті алуға болады.
Сонымен қатар, халықтың көпшілігі жиналатын орындарда (сауда үйлерінде, ойын-сауық кешендерде,  т.б.)  бейне  кабинка орнату жоспарлануда. Аталған  бейне  кабинка  арқылы азаматтардың  Халыққа  қызмет көрсету орталығына  жүгінбей-ақ қашықтықтан «онлайн»  режимде кеңес алуға мүмкіндіктері  болады. Бейне кабинкаға жүгініп,  өзінің  сауалдарын  қойған  азаматтарға   халыққа қызмет көрсету орталығының  бос операторы  «онлайн»  режимде  көгілдір экран  арқылы жауап  беретін  болады.  Бұл  бастама  халыққа  қызмет  көрсету орталығына жүгінуге қолдары тимейтін  азаматтарға  өте қолайлы болады деп есептеймін.

Алма ТОПАНТАЙҚЫЗЫ.