ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ, ТҰРАҚТЫЛЫҚ НЕГІЗІ

Уақыты: 29.08.2023
Оқылды: 579
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әр елдің тәуелсіздігін бекітетін, ішкі және сыртқы саясатына кепілдік беретін төлқұжатының болуы заңды. Алаштың айбыны, кемел келешектің кепілі болған Ата Заңымыз егеменді елдің еркін өскен төлінің құқығын қорғап, бейбіт өмір сүруімізді қамтамасыз етеді. Осы құжаттың арқасында біз еліміздің ішкі тұрақтылығы, ұлтаралық келісімі мен әл-ауқатын арттыру жолымен сенімді түрде қадам басып келеміз.

Біз қысқа мерзім аралығында тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, Конституциямызды қолданысқа енгіздік. Қазақстан Республикасы өзінің демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екенін Ата Заңы арқылы бүкіл әлемге танытты. Ата Заңымызда адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, құқық үстемдігі және демократия қағидаттары бас құжатымызда айқын көрініс тапты. Конституциямыз барша халықтың тең құқықтық дәрежесін қамтамасыз етіп қана қоймай, бостандықтары мен құқықтарына кепіл болуда. Ата Заңымыз – еліміздегі татулығы жарасқан барлық ұлттың бір шаңырақ астында алаңсыз өмір сүруінің кепілі. Сондықтан барша жұртшылық бұл мерекені айрықша қадірлейді және болашағының бүгінгіден де нұрлы боларына нық сенеді.

Енді прокурорлық өкілеттікке келсек, оның ауқымы өте кең. Өмірге қажетті қаншама заңдар бар. Кейбіреуі әлі толық мәнінде жұмыс істемейді. Міне, осылардың барлығының іске қосылып, экономиканы көтеруге, ел дәулетін еселеуге ықпал етуін қадағалап отырамыз. Конституцияның 83-бабында прокуратураның мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асыратыны, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiретіні және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыратыны нақты көрсетілген. Сол себепті прокуратура органдарына жүктелген міндеттің мәртебесі мен маңыздылығын сезіне отырып, оны орындаудағы жауапкершілік жүгін әрдайым биік ұстау – басты мақсатымыз.

2022 жылғы 5 қарашада Мемлекет басшысы ҚР «Прокуратура туралы» Заңына Конституциялық деген мәртебе берді. Конституциялық Заңның негізгі мақсаты – прокуратураның құқық қорғау қызметін күшейту, еліміздегі жоғары қадағалау құралдарын және заңдылықты нығайту. Бұл жаңашылдықтар әр салада заңның сақталуын қадағалауды күшейту мақсатында жасалып отыр.

Прокуратураның негізгі міндеттері адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, сондай-ақ, ел аумағында заңдылықты қамтамасыз ету болып табылады. Адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін прокуратура Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимыл жасайды және оның қызметіне жәрдем көрсетеді. Жаңа өзгерістерге сәйкес әскери және көлік прокуратураларының басшылары, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында лауазымды адамдарға, мемлекеттік органдарға, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғаларға жүгінуге құқылы. 

Жетісу облысы прокуратурасы талдау және тексеру жұмыстарымен өткен мерзімде 21 мың азаматтың Конституциялық құқықтары қорғалды. Атап айтқанда, Конституцияның 29-бабына сәйкес Республика азаматтары заңмен белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемін тегін алуға құқылы деп көрсетілген. Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде анықталған бұзушылықтар жойылып, кәмелетке толмаған 15 мың баланың құқығы қорғалды.

Осы жылдың өткен кезеңінде облыс прокуратурасының қызметкерлері қылмыстық қудалау органдарының қызметтік кабинеттерден 10 заңсыз ұсталған адам болсатылды. Биыл прокурорлар күдікті деп тану туралы 20 қаулы бойынша келісуден бас тартқан, оның ішінде кейіннен 6 адамға қатысты қылмыстық қудалау ақтау негіздері бойынша тоқтатылды. Осы мерзімде тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтың 7-еуі заңсыз болуына байланысты прокурорлармен доғарылды. Биыл прокурорлардың апелляциялық шағымдары бойынша 15 тұлғаға, ал кассациялық сатыда 2 тұлғаға қатысты сот үкімі мен шешімдері заңға сәйкестендірілді.

Сондай-ақ, негіздер болған кезде және Қылмыстық-процестік кодексте көзделген тәртіппен прокурор өз қаулысымен істерді өзінің іс жүргізуіне қабылдауға және бұл ретте, тергеушінің өкілеттіктерін пайдалана отырып, тергеп-тексеруді жеке өзі жүргізуге құқылы. 
Прокурор iстi дұрыс шешуге қажеттi және жеткiлiктi мән-жайларды жан-жақты, толық және объективтi зерттеу үшiн заңда көзделген барлық шараларды қолдануға мiндеттi. 

Прокурор дәлелдемелердi қаралған дәлелдемелердiң жиынтығына негiзделген өзiнiң iшкi сенiмi бойынша бағалайды, бұл ретте ол заң мен ар-ожданды басшылыққа ала алады. 

Прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешiмдерiне өздерінің құқықтары мен мүдделерін немесе өздері білдіретін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын тұлғалар берген шағымдарды қарайды. Осылайша, адамдардың конституциялық құқықтарын қорғау қамтамасыз етіледі, яғни оларды қылмыстық қудалау орбитасына заңсыз тартуға жол берілмейді.

Ата Заң – тәуелсіз елдің қоғамдық қағидасын бекітті, азаматтық бейбітшілік пен келісімді ұзартты. Елдегі ұлт пен ұлыстың бірлігін нығайтты. Конституция – арайлы азаттығымыздың айнымас айғағы, кемел болашағымыздың бұлжымас бағдары. Сондықтан да біздің саяси, мәдени, рухани және экономикалық дамуымыздың қайнар көзі ретінде танылған Конституциямыздың өміршеңдігі ұзағынан сүйіндіргей. Елдігіміздің айнасы – Ата Заңымыз жасай берсін!

Мадияр БАСШЫБАЕВ,
Жетісу облысының прокуроры