Панфилов дивизиясының соңғы сарбазының жерлеу рәсімі өтті

Уақыты: 04.09.2023
Оқылды: 682
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Панфилов дивизиясының соңғы жауынгері Қайырлы Жонқабаевтың жерлеу рәсімі кеше Боролдай зиратында өтті. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Аты аңызға айналған қарт жауынгерді жерлеу рәсімі кеше Боролдай зиратында өтті. Ардагер жұбайының жанына жерленді, делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін ғасыр жасаған қарт Қайырлы Уатайұлының өмірден өткенін хабарлаған едік.

Қайырлы Жонқабаев 1921 жылы Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында дүниеге келген. Қайырлы Уатайұлы майданға аттанғанға дейін Шығыс Қазақстан облысында орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарған.

1941 жылы Панфилов дивизиясының 23-гвардиялық полкінің жауынгері болды, бүкіл соғысты бастан өткерді. Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада 8-гвардиялық атқыштар дивизиясында пулеметші болған.

Өзінің дивизиясымен Беларусті, Польшаны, Эстонияны азат етуге қатысты. 1943 жылы ақпанда Ржев түбіндегі қанды шайқаста жараланып, жеңісті Дрезденде қарсы алды.