«Қорғас-ШХЫО» кеден бекетінде жасырылған заңсыз темекі тәркіленді

Уақыты: 06.09.2023
Оқылды: 687
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Қорғас-ШХЫО» кеден бекетінде Қазақстан азаматына тиесілі Audi 100 маркалы автокөлікке кедендік бақылау жүргізу кезінде салмағы 22,62 келі ORIS деген темекінің 102 блогы табылды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше заңсыз тауар автомобиль ішінде, яғни орындықтың артқы жағы мен автокөліктің багаж бөлімшесі арасында тауарды іздеуді қиындататын жасырын жерде жасырылған.

ӘҚБтК-нің 549-бабына сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткiзiлетiн не өткізілген тауарларды кедендiк бақылаудан жасыру, оның iшiнде тауарларды табуды қиындататын құпия орындарды не басқа да тәсiлдердi пайдалана отырып жасыру немесе бiр тауарға басқалардың түрiн беру – құқықбұзушылықтың тікелей объектілері болған тауарлар тәркiлене отырып немесе онсыз, сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық жасаудың тiкелей нысаналары болып саналатын тауарлар мен заттарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы жасырып өткiзу үшiн пайдаланылған арнайы әзiрленген құпия орындары бар тауарлар мен көлiктер тәркiлене отырып, 25 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

Материалдар Жетісу облысы Панфилов аудандық сотына берілді. Соттың 2023 жылғы 28 тамыздағы қаулысымен экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы жасырын өткізу үшін пайдаланылған Ауди 100 маркалы көлік пен тауарды тәркілей отырып, 25 АЕК (86 250 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза тағайындалды.

Сот шешімі күшіне енген жоқ.

Фото: Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаменті