"Тапанша табылды": Қорғас шекара аймағында қарулы қақтығыс болды

Уақыты: 08.09.2023
Оқылды: 717
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағында төбелес болды.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Жетісу облыстық Полиция департаментіннің ақпаратына сүйеніп хабарлайды.

Қақтығыс 20 мен 26 жас аралығындағы жергілікті тұрғындар арасында болған. Тәртіп сақшылары олардың кім екенін анықтады.

«Төбелеске қатысқандардың барлығы полиция бөлімшесіне жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу жалғасуда, оның қорытындысы бойынша оқиғаға қатысқандардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», - делінген хабарламада.

Полиция өкілдерінің айтуынша, оқиға орнынан травматикалық тапанша табылды. Ол тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді.

Аталған істі тергеп-тексеруді облыстық департамент ерекше бақылауға алды.