Қазір банктің алдында қарызы жоқтар кемде-кем

Уақыты: 10.09.2023
Оқылды: 665
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазір банктің не қаржы ұйымының алдында қарызы жоқтар кемде-кем. Заман ағымына сай жұрт несиеге азық-түлік алатын жағдайға да жетті. Статистиканы сөйлетсек, 5,5 миллионнан астам қазақстандық банкке берешек. Балаларды есептемегенде ересектердің дені несие қамытын киген. Қаржылық ұйымдардан алған қарызын өтей алмай сарсаңға түскендер қаншама?! Кредиторлар үйін не көлігін заң аясына сай алып қойған қанша отандас бар?!

Тіпті, қайбір жылы Алматы қаласында несиеге байланысты атыс-шабыс та орын алды. «Ашынғанда шығады ащы даусым» немесе «мал ашуы – жан ашуы» деген ғой. Осы ретте Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қабылдауға түрткі болып, тұрғындардың жағдайын оңалтудың әдісін тапқандай болдық. Меншігінде мүлік жоқ, несиесі 5 миллионнан асатын, төлем мүмкіндігі төмен тұрғындар осы Заң өзегінде өзін банкрот ете алады. Дей тұрғанмен, бір мемлекеттік бағдарлама не қозғалыс орын алса, жапа-тармағай жұрттың сабылатын әдеті емес пе?! Атаулы Заң шыққалы өзін банкрот етуге асыққандар көбейіп кетіпті. Соның бір айқын көрінісі Жетісу өңірінде орын алып отыр.

Журналистерге «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңның жүзеге асуын, банкроттық жариялаудың тетіктерін таразылауға келген Жетісу облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті, Берешекпен жұмыс басқармасына қарасты оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Асқар Қамзаев жыл басынан бері 2937 жетісулық өзін банкрот деп тануға ұсыныс беріпті. Бірақ, мұның дені кері қайтарылған. Яғни талапқа сай, толық банкрот болатын 492 тұлғаның өтініші мақұлданған. Банкрот болуға ниеттілердің 18 пайызы ғана нәтижеге қол жеткізген. Асқар Қамзаевтың айтуынша, өтініш кері қайтарылғандардың дені соңғы 12 ай ішінде несиесі бойынша төлем жасаған, яки мүліктік меншігі болған.

Жалпы банкрот болу да оңай емес. Өзін банкрот деп тануға ұсыныс берудің үш жолы бар. Алғашқысы сот төрелігінен тыс. Яғни сотқа жүгінбей E-gov веб-порталы арқылы, болған жағдайда «E-salyg Azamat» мобильді қосымшасы арқылы өтініш береді. Оның өзінде өтініш берушінің 1600 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаржылық ұйымдарының алдында қарызы болуы, соңғы 12 ай көлемінде несие төленбеген болуы керек. Сонымен қатар мүліктік меншігі, әйелінің не күйеуінің меншігі болмауы тағы қажет. Бұдан соң өтініш TAZALAU сервисіне (KOLDAU.KZ жүйесіне) өтеді. Бұл ретте өтініш иесі тағы да кредиторлардың тізімін, мекенжайын, қарыз көлемін тағы жолдайды. Мұнан соң өзін банкрот деп білген кісі сотқа шағымдана алады. Бұл ретте де құжаттарын жинақтауы тиіс. Ал үшінші жағдай – төлем қабілетін қалпына келтіру. Яғни, қаржылық ұйымдар алдында қарызы бар тұлға белгілі бір уақытқа дейін «демалыс» алады. Мәселен, төлем мүмкіндігі жоқ болған жағдайда 5 жылға дейін қарызын қайтаруды кейінге қалдыра тұрады. Сонымен қатар пайыздық үстемесін азайтуға, уақытын ұзартып, ай сайынғы төлемді төмендетуге болады.

Заң бойынша өтініші қанағаттандырылғандардың «Банкрот болдым, мінекей» дейтін жайы жоқ. Оның салдары бар. Заң аясында көмек алған адам бес жыл бойы несие ала алмайды. Үш жылдан соң оның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі. Бірақ, банкрот болған жанның кәсіппен айналысуға, мемлекеттік бағдарламалар өзегінде төмен пайызды несиелер алуына болатынын не болмайтынын құзырлы мекеме жетекшісі дөп басып айта алмады.

Өзін ешкім еріккеннен банкрот деп білмейді. Жоқтық пен тоқтықтың арасы бір жұттық жай. Бүгін бар дүние ертең жоқ болуы мүмкін. Аталмыш заң тұрғындардың әлеуетін көтеруге септігін тигізетіні анық. Жетісу облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті, Берешекпен жұмыс басқармасына қарасты оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Асқар Қамзаев жиын барысында қауіпті сандарды сөйлетіп қалды. Оның айтуынша, жыл басында 18 мыңнан аса жетісулықтың несиелік төлем жасауда проблемасы болған екен. Демек, осынша жерлесіміз несие төңірегінде қиналды. Қазір бұл сан кеміді не өсті. Құзырлы мекеме жетекшісі оны да айтпады. Дегенмен, «Әр қазақ менің жалғызым» деген, әр қазақ бай болсын! Біздің тілек осы.

Дастанбек Садық
Фото: көрнекілікке алынды