Текеліде марихуана өсірген ер адам ұсталды

Уақыты: 08.09.2023
Оқылды: 881
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз егіп-өсірді деген күдікпен 49 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Жетісу облысы ПД Баспасөз қызметінің мәліметінше оның ауласынан полиция қызметкерлері жалпы салмағы 23,5 кг болатын 98 марихуана бұтасын тауып, түп тамырымен жойып тастады.

«Ұсталған адамның тұрғылықты жері бойынша кептіруге арналған марихуана, сондай-ақ дозаларға бөлінген, қолдануға дайын, бірнеше қағаз пакет табылды. Факті бойынша тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 300-бабына (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) сәйкес жүргізілуде», - деді Текелі қаласы ПБ бастығының орынбасары Ерлан Кикимов.

Жыл басынан бері Жетісу өңірінде заңсыз айналымнан 184 келіден астам түрлі есірткі тәркіленді. 16 есірткі егістігі анықталып, 16 есірткі сатушы ұсталды.