Жалған дипломмен жұмыс істеген мұғалім ұсталды

Уақыты: 12.09.2023
Оқылды: 609
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысының прокурорлары балалардың бос уақытын өткізуге арналған тағы сегіз мекемеде заңбұзушылықтарды анықтады, - деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы ведомство сайтына сілтеме жасап.

Бұл жолы мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерде де бұзушылықтар анықталды.

Прокурорлар "Жансая" жазғы лагері (Алакөл ауданы) өз қызметін санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың қорытындысынсыз жүзеге асырғанын анықтады.

Мүгедек балаларға әлеуметтік қызмет көрсететін «Сенім» мекемесінде (Сарқан ауданы) оқытушы ретінде еңбек қызметін жалған дипломы бар адам жүзеге асырған.

"Прокуратура материалдары бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 385 бабы 3 бөлігі бойынша соталды тергеп-тексеруді бастады (көрінеу жалған құжатты пайдалану)", - деп мәлімдеді ведомствода.

Басқа да бұзушылықтар анықталған.

Сонымен қатар, жекелеген балалар мекемелерінде мерзімі өткен дәрі-дәрмек сақтап, балаларға арналған күнделікті тамақтану нормалары сақталмағаны (мәзірде жаңа піскен көкөністерден жасалған тағамдар жоқ) анықталды.

"Барлық дерлік мекемелерде техникалық және өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы анықталды. Барлық бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау шаралары қабылданады", - деді прокуратура.