АРМАНЫ БИІК АЗАМАТ

Уақыты: 30.07.2016
Оқылды: 1885
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Тәуелсіздік алып, еңсеміз көтерілген жылдары дүние есігін ашқан бейбіт елдің ұландары бүгінгі таңда ел болашағы үшін аянбай қызмет етіп келеді. Ұлы Даланың тыныштығы мен бірлігін қадағалауды басты міндеті деп санайтын Көксу аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Нұрым Нұртілеуов жайлы әңгіме қозғамақпыз.

 

Туған жер турасында әңгіме айтыла қалса жас тұрмақ жасамыс та бірден бал-бұл жайнап, көңілі көтеріліп қалатыны бар. Сол секілді біз әңгіменің ауанын қазақтың иісі аңқып тұратын ауылдан бастағанды жөн көрдік. Жалпы, Нұрымның туған жері бақ дарып, құт қонған мекен. Алақандай ауылды жағалай қоршаған таулар, арнасынан асып, ақ жал толқыны жағасын ұрған Көксу өзенінің бойында бауырмал жандардың тағдыры тоғысқан Талапты ауылы. Бірлігі мен берекесі жарасқан қара шаңырақта ғалым да, шахтер да, қысқасы, халық қамын ойлайтын азаматтар дүниеге келген. Киелі өңірде өмірге келген біздің кейіпкер де алдыңғы буын ағалардың ізін жалғастырушы боламын деп армандап, күндіз-түні тер төкті. Хакім Абай айтқандай «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап», – деген сөзді өмірлік ұстанымы етуі де әсте тегін емес.      

АРМАН. Осы бір жалғыз ауыз сөзден түсінер де түйсінер мағына көп. Қазақтың «арманың таусылмасын» дегені де тегін емес шығар. Армансыз адамның болашағы бұлыңғыр дейтін ем өз басым. Ал Нұрымның арманы асқақ. Мектеп та­балдырығын аттағанда-ақ өзінің біліктілігін көрсетіп, қо­ғамдық жұмыстарға белсене араласқаны, пән олимпиа­даларына қатысқаны бүгінгі күніне жеміс болды. Ол бала күнінен көше кезіп доптың соңынан да көп жүгірмеген. Есе­сіне, апасының ыстық құшағында жатып, ертегісін ұйып тың­даған. Оның пайдасын күні бүгінге дейін көріп келетінін сөз еткен кейіпкеріміз өзінің бала күнгі арманымен бөлісті.

– Бала күнімде әжем маған көп ертегі айтатын. Ұйықтар алдында ондағы кейіпкерлер маған үлкен алып болып елестейтін. Сонда мен: «мен өскенде батыр боламын», – дейтінмін. Кейін мектепке барған соң ғарышкер болуды қаладым. Маған аспан әлеміндегі сыры мен қыры ашылмаған әрбір жаңалық қызық болатын. Өсе келе бұл кітаптың парағын жауып, енді Отан қорғаушы боламын деген бетті аштым. Сонда анам маң­дайымнан иіскеп: «Менің баламның арманы көп. Аман болсаң, жүрегіңнен шыққан асқар таудай ар­ма­ның­ның да шыңына шығасың, құлыным», – деп мені одан сайын жігерлендіріп қоятын. Бүгін сол арманның бір бұтағын қо­лым­мен ұстаған­даймын. Негізі адам баласы қандай да бір саланы тізгіндесе, оның ең бірінші ойында оттан да ыстық Отанына, еліне, жеріне деген титтей де пайдасын келтіруді ойлау керек. Егер пайда келтірмегеннің өзінде зиянын тигізбегені абзал. Осы ой үнемі санамда сүлікше жабысып тұрады. Мәселен өмірге келген әрбір адамға мемлекет жағдай жасауда. Ол өскен соң тегін мектепке барады. Өзінің білімі мен қабілеті жетіп жатса жоғары оқу орнынан да тегін білім ала алады. Жалғасты­рамын десе де өз қолында. Қысқасы, мемлекет тарапынан көлдей көмекті бәріміз де пайдаланғымыз келеді. Енді қараңыз, сол көмекті алып, білдей маман болғанда оның қайтарымы барып біз көп еске ала бермейміз. Негізінде алған заттың қайтырымы барын ойдан шығармауымыз керек емес пе? Сол секілді жасаған әрбір жұмысты елім үшін деген оймен іске асырсақ дегім келеді өзімнің замандастарыма. Сонда ғана біз өз биігімізде қала аламыз, – дейді арманшыл жігіт.

ЕҢБЕК – түбі береке. Осы мақалды әрбір жас түсінсе деген тілегіміз бар. Өйткені, тек қана еңбектің арқасында ауыз толтырып айтатындай жетістікке жетуге болады. Бұл – өмірден алынған шындық. «Екі қолға бір күрек» табылатын заманда ерінген жас, көштен қалатыны белгілі. Сондықтан ерінбеген адамның жолы ашық болмақ.

Ауылды жерде тұрғандықтан, жыл он екі ай күйбең тіршілігін тізгіндейтін әрбір қазақтың қара домалағы еңбек адамы болып шыға келеді. Сөйте жүріп нағыз мықтылардың басым көпшілігі қасиетті қара шаңырақ – ауылдан шығатыны тағы бар. Көпшілігіміздің есімізде болар, бала күні ұжым­шарда гектарлап қант қызылшасын егетін. Бәріміз жаздың шіліңгір шілдесіне қарамай тәтті түбірді арамшөптен тазар­тамыз. Күздің қара суығында өнімді зауытқа алып кеткенше тыным көрмейтінбіз. Соңында дастарқан үстіне ақ ұлпадай тәтті келгенде қуаныштан мәз болатынбыз. Міне, осындай қызу еңбекпен бетпе-бет келген Нұрым бүгінгі таңда артынан ерген іні-қарындастарына үлгі. Ол өмірде кездесетін әрбір қиындықтан сабақ алу керектігін де құлаққағыс етті. Ол әкесінің: «Балам, істеген әрбір ісің адалынан болсын. Адам болып жаратылған соң сөзің, ісің тіпті, жеген асың да таза еңбекпен келсін. Осы ақылымды ешқашан ұмытпа. Сен менің ғана емес, елдің ұланысың. Осыны жадыңнан шығарма», – деп бала күнінде айтқан сөзін санасынан алыстатқан емес. Қандай жағдай болса да әке сөзіне аманат деп қараған тұлымы желбіреп, ағашты ат қып ойнап жүрген қара бала бүгінде халықтың перзенті. Әке айтқан сөз желге ұшпады. Керісінше, құймақұлаққа құйылған сөздің нәтижесін көпшілік көруде. Өмірге ұрпақ алып келіп, оны түзу жолға салып, саналы тәрбие беріп, ертеңінен үміт күту де асқан төзімділік пен шеберлікті талап етеді. Нұрымның да ата-анасы түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпаған сәттерді бастан кешті. Ауыр күндер артта қалды. Мақтанышына айналған перзенті үкілеген үмітті ақтады.

СЕНІМ. Бұл адам бойындағы ең асыл қасиеттің бірі. Ол мыңдаған жылдар бойы адамдардың рухани және материал­дық өмірінде, ой арманы мен сол жолдағы күресінде өшпес із қалдыруы керек. Сенім болған жағдайда ғана өзіндік ортаны қалыптастыра аласыз. Өмірде сенім деген мықты серігің болмаса білікті маманды ары қойғанда, азамат болып ержетуіңнің өзі күмәнді болар еді. «Бойында сенімі жоқтар көп жағдайда арманына қол жеткізе алмай, салы суға кетеді. Өздеріне сенімсіздер нашақорлыққа, ішімдікке тез бой алдырады», – дейді психолог мамандар. Бұл пікірдің жаны бар. Ал біздің кейіпкер бұл турасында ойын былай жеткізді: – Меніңше, адам күшіне емес, біліміне сенуі керек. Өзіңе сенімді болсаң, өз ісіңе де үлкен жауапкершілікпен қарайсың. Қысқасы, қандай жағдай болмасын адамның ең алдымен рухани әлемі бай болғаны жөн. Ол үшін адам өзін-өзі тәрбиелеуі тиіс. Сонда ғана ол сенімнің заңғарынан төменге қарайтын болады. Бала күнімнен бір істі бастамас бұрын, міндетті түрде нәтижелі болатынына сеніп тұратынмын. Демек, менің ішкі сенімім басымырақ болған. Әлі де солай. Қазіргі жеткен жетістіктерімнің барлығына да мені жеткізген өзіме деген сенімім деп ойлаймын. Ата-анам маған көп сенім артатын. Сол сенімнен шығу үшін қолымнан келгенді жасайтынмын. Егер маған бір адам сенсе, ол мен үшін үлкен бақыт. Демек, мен соған лайықты болуым керек,– дейді Отанына тынбай қызмет етіп жүрген жас маман.

Міне, ертеңгі болашақтың кілтін қолына ұстаған біздің кейіпкердің мақсаты мен арманы бір төбе. Оған аяңдап басып немесе жүгіріп жету тек қана өзіне байланысты. Кейіпке­ріміз­бен сөйлескенде оның жиі айтқаны: «Ер ел үшін туады». Сон­дықтан да қасиетті де киелі қазақ даласында дүниеге келген әрбір азамат өз елінің ұланы болатындай іс істегені жөн. Елдің тыныштығы тікелей ер-азаматқа байланысты. Өкінішке қарай, кейінгі уақытта Отанын тұрмақ, ошағының тыныштығын сақтай алмайтын азаматтардың да қатары көбейіп келеді, қиын-ақ. Олай болса, халықтың сенімін ақтау жо­лында еңбек етіп жүрген, көпке үлгі боларлық қасиетті бір бойына жиған  Нұрым Жапарұлының әрбір ісіне береке тілейміз.

Еңлік САҒЫНДЫҚОВА