Сот үкімін орындау – шарт

Уақыты: 04.11.2023
Оқылды: 745
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сарыөзек гарнизонының әскери прокуратурасы қадағалаудағы атқарушылық құжаттардың орындалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдайды.

Атап айтқанда, әскери прокуратура мамандары биыл жыл басынан бері ҚР Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатысуымен қаралған және әскери прокурорлардың бастамасымен әскери немесе басқа да соттармен мемлекет пайдасына өндіруге қатысты шығарылған сот шешімдерінің толық әрі уақытылы орындалуына талдау жүргізіп, Алматы және Жетісу облыстарындағы жеке сот орындаушыларының аймақтық палаталарына ұсынды. 

Талдау нәтижесінде жеке сот орындаушылар тарапынан өрескел заңбұзушылықтарға жол берілетіндігі, заңнамаларда айқын көрсетілген тікелей міндеттерді орындамай, әрекетсіздік танытатындарының себептерінен атқарушылық құжаттар жылдар бойы қараусыз жатқаны анықталып, нәтижесінде прокурорлық қадағалау актілері енгізілді. Соған орай 3 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 2018 және 2020 жылдан бері қаралмай жатқан атқарушылық құжаттар толық орындалды.

Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Конституциялық заңы 2022 жылы 5 қарашада қабылдануына байланысты Заңның 35-бабына сәйкес прокурорлар атқарушылық іс жүргізу құжаттары бойынша нұсқау бере алатын болды. Осы ретте, Сарыөзек гарнизонының әскери прокуратурасы аумақтағы сот орындаушылардың өндірісіндегі атқарушылық іс жүргізулер бойынша 4 нұсқау беріп, 1 атқарушылық құжатты өндірістен тоқтатты.

Сот актілерінің орындалуы – сыртқы факторларға тікелей байланысты. Жасыратыны жоқ, кейде атқарушылық өндіріске қатысты заңнамада көрсетілген 2 айлық мерзімде діттеген мақсат жүзеге аспайды. Оған азаматтардың төлеу мүмкіндігінің төмендігі мен мүлкінің болмауы және борышкерлердің жұмыссыз жүруі кедергі. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» жаңа заң бойынша сот орындаушылары жауапкершіліктен жалтаратын борышкерлердің ел аумағынан шығуына уақытша шектеу салу құқығына ие болды. Бүгінгі таңда аталған шара тиімділігін көрсетіп отыр. Өйткені қарызын қайтарудан қасақана жалтарып жүрген жандар шегарада қолға түсіп, борышын өтеуге мәжбүрленіп жатыр. Сотпен санкцияланған қаулылардың саны артуына байланысты, қарызын қайтарғысы келмейтін азаматтарды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары да нақты нәтиже бере бастады. Осыған орай борышкерлер еліміздің Конституциясы мен Қылмыстық және басқа да нормативтік қаулылардың талаптарын өз уақытымен орындап, артық жауапкершілікке ұрынбағаны жөн.

Қорыта келе, мемлекеттік органдардың басты міндеттері – сот шешімдерінің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету екендігін еске салғым келеді.

Қ. Жүнісбек,
Сарыөзек гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры,
әділет аға лейтенанты

Фото: ашық дереккөзден