ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТ

Уақыты: 02.08.2016
Оқылды: 1497
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекеттің даму қарқынын бәсеңдететін келеңсіз құ­­бы­лыстың бірі – сыбайлас жем­қор­лық. Бүгінгі күні бұл тек жекелеген мем­лекетке ғана емес, барлық әлем жұрт­шылығына ортақ мә­селеге ай­налды. Соған орай алдын алу мен болдырмау жолында көп­теген түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұндай шаралар  Ел­ба­сының қатаң бақылауында.

Расымен де ұлттың тамырына балта шабар жегіқұрт кімді болса да алаңдатары хақ. Осыған байланысты Талдықорған қаласы Тіл сарайының мәжіліс залында «Сыбайлас жемқор­лыққа қар­сы мәдениет – мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін қам­тамасыз ету, мемлекеттің әлеуметтік-мәдени функцияларын іске асыру негіздерінің бірі» атты облыстық деңгейдегі конференция өтті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыс бойынша департаментінің ұйымдасты­руымен қолға алынған жиынға облыстық білім, денсаулық сақтау, қаржы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мен мәдениет басқармалары, сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ, мүлік және жекешелендіру депар­таменті мен ХҚКО филиалдарының жетекшілері қатысты.

– Басқармада және облыстағы барлық білім беру ұйымда­рында сенім телефондары мен жәшіктері жұмыс жасап келеді. Бүгінгі күнде басқарма басшысының атына барлығы 54 өтініш келіп түсті, оның ішінде сегізі заңды тұлға, қырық алтысы жеке тұл­ға­лардан.  Өтініштерге дер кезінде жауап беру, көрсетілген мәселелерге қатысты нақты шешімдер шығару қатаң қадағалау­ға алынды, – деді конференцияда сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова.

Жиында квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқор­лықтың алдын алу, мемлекеттік мүлікті басқару және мемлекеттің әлеуметтік-мәдени функцияларын іске асыру ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Ұсыныстар мен сауалдарға жауап беріліп, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жолындағы іс-шаралардың нәтижесі әңгіме өзегіне айналды. Конференция барысында мемлекеттік қызметкерлер болашақта да осы бағытта бірлесе жұмыс атқара береміз деген ортақ шешімге келді.