Қылмыс пен жаза

Уақыты: 09.01.2024
Оқылды: 537
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қараша. Түн ортасы. Күз болған соң далада өңменіңнен өтетін ызғырық жел соғып тұр. Айналаны алай-дүлей көтерген осқырған желдің суығына қарамастан көшенің қақ ортасында желең жейдемен «ащы суға» сылқия тойып, тәлтіректеп, сүріне-қабына Досжан (аты-жөні өзгертілген) келеді. Бет-аузы қан жоса. Ішіп алып төбелесу оның күнделікті ісіне айналған.

Тұсауланған аттай адымын аша алмай үйіне сүйретіліп әрең жетті. Есікті ақырын ашып ішке кірді де бөлмесіне барып құлады. Әншейінде ояу жататын анасы оның келгенін сезбей де қалды. Досжан Күлсін ананың жалғыз ұлы. Артынан ерген қарындасы бар. Асқар тау әкесі тірі күнінде: «Осы ұлым бізді асырайды»  деп баласының басынан сипап отырушы еді. Әкесі өмірден озғанда Досжан небәрі 5-сынып оқушысы болатын. Күлсін ана осы балаларым еш нәрседен тарықпай өссінші деп күндіз-түні жұмыс істеді. Қара жұмысқа да жегілді. Бірақ, Досжан мектепті 9-сыныпқа дейін ғана оқып, ауылдағы училищеге оқуға түсті. Мақсаты – жұмыс істеп анасы мен қарындасын асырау еді. Өкінішке қарай, училищеге барып кілең бұзық балалармен араласып, темекі шегіп, ішіп, түнімен қаңғып, үйде тұрмайтын болды. Достарымен наша шегуді де шығарды. Байғұс ана баласының жат қылықтарын көріп, ішімдік ішпе, қиыс жолға түспе деп шырылдады. Оны ұққан бала жоқ.  

Ертеңгісін анасы әдеттегідей ерте тұрып, қызына шай-тамағын берді. Досжанды оятайын деп барса төсегінде бет-аузына қан қатқан күйі жатыр екен. Ұлының өлі адамдай серейіп жатқанын көрген байғұс ананың зәре-құты қалмай  «Досжан» деп айғай салды.

– Тағы ішіп, төбелесіп келгенсің бе?   
 – Жоқ, құлап қалдым.
 – Қу жанымды шығаратын болдың ғой, – деп анасы жылап жіберді.

Досжан шешесінің жылап отырғанына қараған да жоқ. Орнынан үш ұмтыла әрең тұрды да тәлтіректей басып жуынатын бөлмеге кірді. Жуынып шыққан соң қолдары дір-дір етіп ас үйдегі кранды ағытты да бір ожау суды басына бір-ақ көтерді. Енді болмаса сусап өлердей екен. Анасының «тамағыңды іш» деген сөзіне «тәбетім жоқ» деп жауап қайырды.

– Біз бүгін әкеңнің інісінің үйіне қонаққа барамыз. Ертең түсте келеміз. Бір күн қаңғымай үйді қарап отыршы.  
– Жарайды.

«Үйде болмаймыз» деген анасының сөзі Досжанға майдай жақты. Үйдегілері кетісімен Досжан достарын қонаққа шақырып, қайта ішуге көшті. Сәбит пен Ермек ағайынды бауырлар. Екеуі Досжанның жұмыс істеп жүріп тапқан досы. Жазда үшеуі егістікке барып вагонға қауын, қарбыз артады. Қыста базарда тәшкі сүйрейді. Екеуінің де жасы Досжаннан едәуір үлкен болғанмен бойдақ. 

Үш дос түстен ымырт үйірілгенге дейін бір-бір бөтелке арақты тауысты. Үшеуіне үш жарты арақ әжептәуір әсер етті. Соңғы бөтелке арақ түгесілген соң Ермек «болдым» деп, екеуінің бір шөлмек ішейік те деген ұсынысынан бас тартып, жел шайқаған ағаштай теңселіп, үйіне қайтты. Досжан мен Сәбит тағы да ішкілері келіп қалталарының түбін қағып, қалған-құтқан тиын-тебендерін құрап, дүкеннен екі жартыны көтеріп келді. «Жынды судың» арбауына шырмалған екеуі ықылық ата мас бола бастағанда болмайтын әңгімелерді айтып, сөзге келіп қалды. Жанжалдың соңы төбелеске ұласты. Қанша ішсе де Досжан жастау болғандықтан Сәбитті ұрып жықты. Сәбит еденге тұмсығымен қаба құлап, есінен танып қалды. Осы тұста Досжан ауыз үйде тұрған темір балтаны алып, сұлап жатқан Сәбиттің басынан, денесінен 6 соққы жасады. «Өлтірдім, өлтірдім» деп дірілдеді де бірнеше уақыт сұп-сұр болып, қан-сөлсіз міз бақпай тұрып қалды. Үсті-басындағы қанды көріп, шошына көрші Сәлиманың үйіне қарай жүгірді. 

Сәлима Досжанмен түйдей жасты болғанымен күйеуімен ерте айырылысып кеткен. Бір ұлы бар. Досжан ентелеп келіп есікті дүрсілдетіп қаққанда Сәлиманың зәре-құты қалмады. 

– Бұл кім? 
– Мен ғой, Досжан. 

Сәлима түн ішінде не болды екен деп есікті қорқа ашты. Досжан үйге зытып кірді де төр бөлмедегі төсекке барып жата кетті. Үн жоқ. Сәлима іле-шала артынан кіріп, Досжанның қан-қан түрін көрді де дереу көрші үйге жүгірді. Ас бөлмеде қансырап жатқан Сәбитті көріп полиция шақырды.  
Полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу жетті. Жарым түнде көше тұрғындары «адам өлді» деп шулап кетті. Сақшылар тарапынан іс қозғалды. Сәлиманың үйінде отырған Досжан із суытып үлгерген. Десе де жасауылдың аты – жасауыл, қаланың түкпір-түкпірін тінтіп жүріп Досжанды ұстап алып, күдікті ретінде тұтқындады. Сәбит ауруханаға жеткізілді. 

Ақ халатты абзал жандардың арқасында Сәбит аман қалды. Бірақ, жарақаты тым ауыр. Бірнеше отаға түсті. Бас сүйегі қатты зақымдалды. Сотта Досжан Сәбитті соқпағанын айтып ақталғанымен сараптама нәтижесінде балтадағы саусақ іздері Досжандікі, оның үстіндегі қан Сәбиттікі екені анықталды. Сөйтіп Досжан 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Сот бітті. Қылмыскер жазасын алды. Қазақтың өрімдей бір жігіті ауыр жарақат алды, екіншісі қылмысы үшін 10 жыл ғұмырын темір тордың ар жағында өткізеді. Ермек аман қалса да денсаулығынан айырылған інім деп, Күлсін ана ентігіп өксігін баса алмай тұрған кішкентай қызын жұбата алмай зар еңіреп қала берді. 

Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: otyrar.kz