«Жыл полиция қызметкері» атанды

Уақыты: 13.01.2024
Оқылды: 754
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әр саланың өзіндік қиындығы бар. Әсіресе елдің тыныштығын қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалайтын полиция қызметкерлерінің жүктемесі көп, міндеті ауыр. Тәртіп сақшылары ауа райының ыстық-суығына қарамай адам жанынан табылып, оларды қауіп-қатерден сақтау үшін көптеген жұмыс жүргізуде.

Осыған орай Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков күн, түн демей халыққа қызмет етіп, жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүрген қызметкерлерді марапаттады. Қаратал аудандық полициясы тергеу бөлімінің тергеушісі, аға лейтенант Арман Әлімжанов «Жыл полиция қызметкері» атанды (суретте сол жақта). 

Арман Нарманбетұлы 1987 жылы Үштөбе қаласында дүниеге келген. Жоғары оқу орнын тамамдаған соң жеке шаруашылықпен әр салада қызмет еткен. Кейіннен жұмысы ауыр болса да халыққа көмектесуді армандаған кейіпкеріміз тәртіп сақшыларының жұмысына қызығады. Әрине, полиция қызметкері болып жұмысқа орналасу оңай емес. Заң жаттау, физикалық дайындығың мықты болуы керек. Түрлі қиындықтардан өтіп, талмай дайындалған кейіпкеріміз 2020 жылы Балқаш ауданына жұмысқа орналасты. Сол жылы Балқаш ауданында төтенше жағдайлар бөлімінде аға инспектор болып, 2021 жылы Қаратал аудандық полиция бөліміне тергеуші қызметіне тағайындалады. 

«Қылмыстың алдын алу, жол-көлік оқиғасын азайту, сондай-ақ, халықтың тыныштығын қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын жетілдіруге көп көңіл бөлінуде. Көше қылмысын азайту үшін кешенді жоспар бекітіліп, жаяу патруль қызметкерлері жоғары деңгейде жұмыс істеуде. Бүгінде ақпараттық технологияның қарқынды дамуы арқылы да қылмыстың жаңа түрлері шығып жатыр. Әсіресе, интернет алаяқтық өріс жайып, интернет ресурстары арқылы жасалған қылмыстар көбейіп келеді. Осы қылмыс түрімен күресу үшін тақырыптық әлеуметтік бейнеүзіктер әзірленіп, көрсетілуде. Біз тынбай жұмыс істеп, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра береміз», – дейді Арман Әлімжанов.

Ел мүддесін биік қойған кейіпкеріміздің қызметіне деген адалдығы жауапкершілік салмағын дәлелдеп тұрғандай. Бұл құндылық әрбір полицейдің бойынан табылуы тиіс.

Айдар ҚАЛИЕВ