Жетісу облысында VIDAR камерасы қайта орнатылады

Уақыты: 03.03.2024
Оқылды: 411
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Камераларының көбісі облыс орталығында орнатылады. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 6 ақпанынан бастап Талдықорған қаласының жолдарында 10 камерасы бар 10 баған, автоматты режимде жазатын «VIDAR SPEED-R» сертификатталған техникалық құралдары орнатылған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпараттық алаңында Жетісу облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының м.а. Азат Ермұханов пен облыстық ПД ӘБП Әкімшілік практика бөлімінің бастығы Саят Ибраимов атап өтті. Олардың сөзінше жүйе жұмысы өзінің тиімділігін көрсеткен. Осыған орай 15 бейнекамера орнатуға қаражат бөлінді.

– 2023 жылдың  6  ақпанынан 15  маусымға дейін 317 млн. 533 мың сомаға 11 270 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелді. «Полиция қызметінің моделі» аясында 2023 жылдың тамыз айында Жетісу облыстық мәслихаты тарапынан 15 автоматтық жүйе постын сатып алуға және орнатуға қаражат бөлінді, – деді Саят Ибраимов.

Айта кету керек, 2024 жылдың 2 ақпанында 10 баған және 10 камера көлеміндегі сертификатталған «VIDAR SPEED-R» техникалық жабдығы «KazDorInnovation» ЖШС сертификаттарының қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты бөлшектеліп, алынып тасталды.

«Қазіргі уақытта автоматты бекіту жүйесінің 15 постын сатып алуға және орнатуға конкурс жариялау үшін 2023 жылғы 29 желтоқсанда өтінім берілді және материалдар ҚР Қаржы министрлігінің комитетіне бекітуге жіберілді. Мемлекеттік сатып алулар өткізілгеннен кейін жолдың апатты учаскелерінде жылдамдықты шектеудің сертификатталған техникалық құралдарының аталған посттары орнатылып, қалыпты режимде жұмыс істейді. Бұл  туралы Жетісу облысының жұртшылығы мен тұрғындары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алдын ала хабардар етіледі», - деді спикер.

2023 жылдың 14  наурызынан  бастап Жетісу өңірінде жалған нөмірлерді, жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілерді, іздеуде жүрген көлік құралдарын және басқа да шектеулерді анықтауға мүмкіндік беретін «Қорғау» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Аталған құрал жауынгерлік бөлімшелердің электронды планшеттеріне орнатылған.

–  «Қорғау» қосымшасы «VIDAR SPEED-R» жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін автоматты жүйелермен тікелей біріктірілген. Қосылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін мобильді қосымша арқылы шектеу қойылған 294 жүргізуші анықталып, ұсталды. Көлік иелеріне әкімшілік айыппұлдардың бар екендігі туралы 1 144 хабарлама берілді», –  деп түйіндеді сөзін Саят Ибраимов.

"Жетісу-Ақпарат"