Жемқорлық жүгенделмей іс оңбайды

Уақыты: 12.03.2024
Оқылды: 375
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Осы жылы екі аудандық аурухананың басшысы «қаржы жымқырды» деген желеумен құрықталған. Оларға қатысты іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл жөнінде Талдықорған көпсалалы ауруханасында өткен жиында айтылды.

Өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілдері денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді. оған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, денсаулық сақтау басқармасының басшылығы, қалалық және аудандық медициналық мекемелердің бас дәрігерлері қатысты.

Басқосу аясында жемқорлықтың алдын алу үшін түрлі ақпараттық деректер айтылып, профилактикалық шарасы жүргізілді. Қателіктен сабақ алудың дұрыстығын, пара алудың  ең алдымен өзінен бұрын өзгеге тигізер залалы жөнінде жауапты мамандар әңгіме өрбітті. Медицина мекемелері басшылары  мен есепшілері қатысқан жиында саладағы түйінді де өзекті мәселелер талқыланды.

Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров:

–  Шара шеңберінде сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат пен сын-ескертпелер айтылды. Қазіргі кезде екі ауданның дәрігері мен есепшілері сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша тергеліп жатыр. Толық ақпаратты соттың шешімі шыққан соң айтамыз. Алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру кезінде денсаулық сақтау басқармасы сыбайлас жемқорлық көріністерімен күнделікті кешенді күрес жүргізуді жалғастырады.

Жемқорлықты жою мақсатында мынадай шаралар қабылданады: барлық ведомстволық бағынышты ұйымдарға әдістемелік ұсынымдар жіберіледі. Медициналық ұйымдар басшыларының жауапкершілігі туралы тиісті бұйрықтар шығарылады. Басшылармен және бухгалтерлермен семинар-кеңестер өткізіліп, Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетімен бірлесіп диплом мен сертификаттардың түпнұсқалығына мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша ақпараттық-түсіндіру дәрістері жүзеге асырылады.

Жалпы, 2023 жылдың соңғы айларында емдеу мекемелеріне халықтан шағым көп түсіпті. Агенттік өкілдері ақпарынша, ауруханаларда тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектер болмаған. Анықталған дерек бойынша да тергеу үрдістері жүріп жатыр. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы дәрігерлердің айлықтары қысқарылмайтынын айтады. Алдағы уақытта белгіленбеген қаржы аударылса, онда жазасы қатаң болатынын, кез келген істі арнайы заңмен ғана орындау керектігін ескертеді.

Айта кетейік, Жетісу облысы құрылғаннан бастап қаржы жымқыру бойынша 6 іс тіркелген. Бүгінде 5 жауапты тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған.

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото:  Дмитрий Ерофеев.