ҰРЫ ДА, ҰРЛЫҚ ТА АЗАЙЫПТЫ

Уақыты: 14.04.2024
Оқылды: 270
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Ұрлық түбі – қорлық». Ескерген кім бар? Дейтұрғанмен, өңірде бөтеннің мүлкіне қол сұғу азайған. Бақандай 24,6 пайызға. Былтыр сәуірге дейін 1204 ұрлық тіркелсе, биыл 908 жағдай орын алған.


Оның ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау 25,7 пайызға, пәтер тонау 33,3 пайызға, қалтафонды қолды қылу 22,8 пайызға, автокөлік құралдарын ұрлау 16,7 пайызға төмендепті. Есесіне қылмыстың ашылуы артқан. Өткен жылмен салыстырғанда мал ұрлаушылардың қылмысы 5,3 пайызға, алаяқтық 13,1 пайызға, бөтеннің мүлкін ұрлау 9,1 пайызға артық ашылған. Қуантарлық жайт.

Жетісу облыстық құқық қорғаушылар биыл сергектік танытуда. Былтыр пәтер ұрлығы бойынша қылмыстың 80,8 пайызын ашса, биыл 92,1 пайыз қылмыстың ізін суытпапты. Ұялы телефон ұрлығын ашу да 15 пайызға, көлік құралдарын ұрлау қылмысын анықтау да 18,3 пайызға артыпты. Шыны керек, ұрлық атаулының дені халық тығыз орналасқан облыс орталығында тіркеледі екен. Қылмыстың ашылуы жағынан да Талдықорған қаласы көш бастап тұр. Тәртіп сақшыларының қырағылығы нәтижесінде мұнда жасалған 132 ұрлық дерегі тіркеліп, 149 қылмыскер құрықталған. 
Дейтұрғанмен, Жетісу облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Серік Демейовтың айтуынша, мал ұрлығын анықтауда біршама қолбайлау да жоқ емес. Құқық қорғаушылардың талдауы көрсеткендей, әдетте мал ұрлығының 70 пайызы еркін мал жаюда жасалады екен. Жыл басынан бері төрт түлікті қолды қылу фактілері бойынша ҚР ӘҚБтК 408-бабы бойынша 315 хаттама, ҚР ӘҚБтК 406-бабы бойынша 72 әкімшілік хаттама толтырылған.

 – Мал ұрлығы жағдайларын анықтау және алдын алу үшін басты кедергілердің бірі – таулы жерлерде бейнебақылау камераларының болмауы, сондай-ақ, облыстық және республикалық маңызы бар жолдардағы блок бекеттердің жеткіліксіздігі. Сонымен қатар, ұрланған мал иелерінің бірнеше күн бойы өздерінің іздеу шараларынан кейін полицияға уақытылы келмеуі де салдарын беріп жатады. Аудан және қала әкімдіктерімен бірлесіп халық арасында бақылаусыз жайылымға жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, бақылаусыз жайылып жүрген малды ұстау үшін нақты айыппұл тұрақтарын ашу және жануарларды толық сәйкестендіру мәселелерін таразылаудамыз, – деді Серік Демейов.

Ұрылардың кесірінен өңір тұрғындарына 15 млн. теңге шығын келген. Бүгінде тәртіп сақшыларының жүйелі жұмысының нәтижесінде осы соманың 43,6 пайызы, яғни 6,25 млн. теңге залалы өтелген. 15 адам қылмысы үшін құрықталған. Өткен жылы 16 адам қамауға алынған еді. Сонымен қатар, өңірімізде бақылаусыз жайылып жүрген малды ұстау үшін 78 қора салынған. Қоралардың барлығы әкімдік балансында екен. 

Д. ҚАЛЫМБЕТ