Талдықорғанда бейнебақылау камерасының көмегімен 5 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді

Уақыты: 17.04.2024
Оқылды: 281
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғанда бейнебақылау камерасының көмегімен 5 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорғанда жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен жыл басынан бері 5184 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

– Азаматтар көп жиналатын орындарында қылмыс көп болады – орталық алаңдарда, базарлардың, вокзалдардың және вокзал маңы алаңдарының аумақтарында тіркеледі. Облыс орталығында орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен биыл 70 қылмыс ашылып, 5 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Бүгінгі күні облыс орталығындағы жедел жағдайды тәулік бойы 871 сыртқы бейнебақылау камерасы бақылайды, оның 300-і көше қиылыстарында, 571-і қоғамдық орындарда және тұрғын үй алаптарының аулаларында орнатылған, – деп атап өтті Талдықорған қалалық ПБ ЖБО бастығы Айдын Ибраев.

Барлық жедел ақпарат ЖБО-ға түседі және осы жерден полиция қызметтерінің барлық күші мен құралын басқару жүзеге асырылады. Бұл бөлімшенің полициядағы қызметі бір минутқа да тоқтамайды.

– Жедел басқару орталығында жұмыс “non-stop” режимінде жүзеге асырылады. Әрбір мониторға бейнежазбаларды тұрақты қарауды жүзеге асыратын бейнебақылау инспекторы бекітілген. Қылмыстың “ізін суытпай” ашылуы көбінесе инспектордың кәсібилігіне байланысты, – деп толықтырды А. Ибраев.

Сонымен қатар Президенттің “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы бойынша тапсырмасын іске асыру шеңберінде облыс орталығында “SOS” дабыл сигналын беру және полицияны шұғыл шақыруға арналған 7 құрылғы жұмыс істейді, олар Талдықорғанның қоғамдық орындарында орналасқан. Үш ай ішінде осы құрылғылар арқылы азаматтардан 11 хабарлама келіп түсті және қарастырылды. 

Биыл “102” арнасына әртүрлі сипаттағы 18 мыңнан астам хабарлама келіп түсті, оның ішінде 12 мыңнан астам қоңырау бойынша жедел ден қою қамтамасыз етілді. Өңір полициясы азаматтарды құқық бұзушылықтарға төзбеушілік ұстанымын қолдануға, оларды анықтауда жәрдемдесуге шақырады және жазаның бұлтартпаушылық қағидасын еске салады.