Жүйелі жүргізіледі

Уақыты: 16.03.2018
Оқылды: 1279
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ертеден жең ұшына жалғасып келе жатқан сыбайлас жемқорлық бүгінде бүкіл әлем қоғамдастығына қауіп төндіріп отыр. Біздің республикамызда да бұл мәселеге қарсы күрес шаралары тәуелсіздік алған сәттен бастап бірінші кезектегі міндетке айналды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, сондықтан онымен күрес жүргізу — жалпыұлттық міндет», – деген болатын. Яғни, жемқорлықпен күрес баршаға ортақ  борыш екенін атап көрсетті.

Сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұру қажет. 
Бүгінгі таңда елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы  қабылданған  заңнамаға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер  тұрақты түрде  жүзеге асырылуда. 
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы бойынша  сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мем-        лекеттік орган мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігінің шегінде өздерінің кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті деп көрсетілген.
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының  ұжымы да  сыбайластыққа жол бермеу мақсатында жемқорлыққа қарсы өткізілетін  шараларға белсене қатысады. Бұл мәселеге қарсы тұруды әр қызметкер өз міндеті деп біледі. 
«Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары бойынша жұмыс жоспары» бекітіліп, басқарманың арнайы сайтына орналастырылды. Өткен  айдың соңында Тіл сарайында «Жеке және заңды  тұлғалардың өтініштерін қарау» бойынша «дөңгелек үстел»  де   ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. 
Сыбайлас жемқорлықпен күресуді тек қана мемлекеттік органдардың міндеті деп қарауға болмайды. Мемлекеттік қызметкер болсын, жеке кәсіпкер болсын, қоғамның толыққанды мүшесімін дейтін әр азамат өз арының алдында жауап бере алса, заңның да мүлтіксіз орындалары хақ.
«Тура биде туған жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік 30 мемлекеттің қатарына жетуді көздеп отырған шақта жең ұшынан жалғасуға жол бермей парасат биігінен көрінуге тиіс.

Айдар БАШБАЕВ,
Алматы облысының  тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы