ДӘМХАНАДА МЕЙМАНДАРДАН АЛЫНАТЫН 10 ПАЙЫЗДЫҚ ҚОСЫМШАҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

Уақыты: 06.09.2024
Оқылды: 282
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еліміздегі ішкі сауда ережесіне өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.


Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында тілшілер министрден дәмханалар мен мейрамханалардағы қызмет үшін алынатын үстеме ақша мен депозиттер белгілеу қаншалықты заңды екенін сұрады.

«Біз заңнаманы мұқият зерттедік. Егер мейрамхананың кіреберісінде жария оферта болса, яғни қызмет көрсету шарттарын белгілейтін жазбаша мәтінді оқып, ары қарай кірсеңіз, онда сіз осы шарттармен келіскеніңізді білдіреді. Атап айтқанда, қазір ішкі сауда ережелеріне өзгертулер әзірлеп жатырмыз. Біздіңше, егер сізге қызмет көрсетілсе және онда қызмет көресету құны қамтылса, дәмханалар қосымша ақы алмауы тиіс. Сондықтан осы ережелерді пысықтап жатырмыз», - деді А. Шаққалиев.

Оның айтуынша, бұл тұрғыда тиісті талқылау ұйымдастырылады.

«Әрине, бизнес өкілдерінің кейбірі осы өзгерістермен келіспеуі мүмкін. Бұл мәселе мейрамханаға келген қонақтардан көрсетілген қызмет үшін қосымша ақы алуға қатысты. Қазір бұл ақыны сіздер чектерде жазылып жүргенін көріп жүрсіздер. Енді бұл алымды заңсыз ететін тиісті талапты белгілейміз, яғни қызмет үшін 10 пайыздық алым қойылмайды. Неге адамдар көрсетілген қызметке 2 мәрте төлеуі керек?», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, аталған түзетулер қазан айында енгізілуі мүмкін.