ОҚ ТИГЕН СЕРЖАНТТЫ АУРУХАНАҒА АПАРМАЙ, ПӘТЕРДЕ ҰСТАҒАН

Уақыты: 06.09.2024
Оқылды: 219
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысындағы Сарыөзек гарнизонында 19 жастағы кіші сержанттың білегіне оқ тиген. Қазір ол Ескелді ауданындағы ауруханада ем алып жатыр.


Оқ тиіп жараланған кіші сержант Темірбек Мыңжасаров Сарыөзек гарнизонында жұмыс істеген. Осы жерде 6 ай әскери борышын өтеп, бір жыл бұрын келісімшартпен әскери қызметке қабылданыпты. Отарға оқу-жаттығуға баруы керек болған ол қазір ауруханада жатыр.

Оқиға 2 қыркүйек түс уақытында болыпты. Кіші сержанттың туыстарының айтуынша, әріптесі байқаусызда оқ атқан. Оқ оның білегін тесіп өткен. Алайда әскери бөлім басшылығы жарақат алған қызметкерін ауруханаға апармай, бір тәулік пәтерде ұстаған көрінеді. 

“Баламды ВСУ-дың штабынан таптым, ол жігіттер баламды біреудің пәтерінен тауып алған. Балам жараланған уақытта сол жерге апарған. Негізінде оқ тиген уақытта оған гангрена болмау үшін дәрі салыну керек екен ғой, ондай салынбаған. Құр лидокаин салған. ВСУ тауып бермегенде, баламның сүйегін де таппай қалар ма едім”, – деді Темірбектің әкесі Бақтбек Қасымбеков.

Бақытбек Қасымов ұлының жараланып жатқанын кездейсоқ біліпті. Оны әскери полиция арқылы тауып ауруханаға апарған. Құзырлы орган өкілдері сол кезде келіп істі тіркеген. 

“2 қыркүйекте қауіпсіздік шараларын сақтамағаннан әскери қызметші жарақат алды. Еңбек демалысында екенін білемін, бірақ нақты дүйсенбі ме, сейсенбіден бе білмеймін. Ол қылмыс бойынша ешқандай ақпарат айта алмаймын. Өйткені онымен тергеу айналысып жатыр”, – деп мәлімдеді 12740 әскери бөлім командирінің орынбасары Нұрғали Ақылбаев.

Темірбек Мыңжасаров еңбек демалысына шыққанын өзі де, отбасы да білмейтін болып шықты. Қазір бұл оқиғаға қатысты тергеу амалдары басталды.