Енді Микроқаржы ұйымдары демалыс күні де сізге кешіктірілген несие бойынша звандауы мүмкін

Уақыты: 06.09.2024
Оқылды: 258
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Микроқаржы ұйымдары қарызын кешіктірген клиенттерге жұмыс күндері тәулігіне үш рет, ал демалыс пен мереке күндері 2 рет қоңырау шала алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарының борышкерлерге хабарласу тәртібін бекітпек.

Ұлттық банктің шағын несие беру шарттары мен өтеу кестесі туралы қаулысына енгізілетін өзгеріске сәйкес, енді микроқаржы ұйымдарының борышкерлерге қоңырау шалып, мазалай алатын уақыты нақтыланады. Қаулының бұған дейінгі нұсқасында қарызын кешіктірген борышкерге хабарласу уақыты нақты жазылмаған.

Енді кредиторлар борышкерлерге жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін күніне 3 реттен артық қоңырау шала алмайды. Ал демалыс күндері сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін екі рет хабарласуға құқығы бар. Оған қоса МҚҰ аптасына үш рет қана клиентпен кездесе алады. Одан артық мазаламауы тиіс.

Төлем мерзімі кешіктірілген қарызға күн сайын өсімпұл жүретіндіктен, ҚНРДА «МҚҰ-ға демалыс және мереке күндері де телефон қоңырауларын шалу құқығын беру орынды деп санайды». Өйткені мерзімі өткен берешек коллекторға өтпей, микроқаржы ұйымының өзі өндіріп алса, борышкердің қарыз жүктемесі аздау болады.

ҚНДРА сонымен қатар қарыз алушыны мерзімі өткен берешегі туралы хабардар ету уақытын да қысқартуды ұсынып отыр. Бұған дейін МҚҰ борышкерге несие төлеу кешіктірілгені жайлы 20 күн ішінде хабардар етуге тиіс болса, жаңа қаулы күшіне енген соң, бұл мерзім 10 күнге қысқарады.

2024 жылғы 20 тамыздан бастап халықтың борыштық жүктемесін төмендетуге бағытталған заңның кейбір нормалары күшіне енген болатын. Атап айтқанда, енді қаржы ұйымдарына клиентті биометриялық сәйкестендірусіз электронды қарыз бен онлайн микрокредит беруге тыйым салынады. Сонымен қатар банктер мен МҚҰ бүкіл төленбеген тұтынушылық несие бойынша 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептемеуі шарт. Оған қоса, жұбайының келісімінсіз кредит рәсімделмейді.

Жыл басында микроқаржы секторының нарығында жалпы 966 субъекті қызмет еткен. Оның ішінде 521 ломбард, 231 микроқаржы ұйымы және 214 кредиттік серіктестік бар. 2023 жылы 44 МҚҰ, 42 ломбард және 2 кредиттік серіктестік өз қызметін тоқтатты. Есесіне 57 ұйымға: 40 МҚҰ, 15 ломбард және 2 кредиттік серіктестікке лицензия берілген.

Қазақстанда жалпы саны 228 микроқаржы ұйымы тіркелген. Кейінгі уақытта елімізде шағын несие, жылдам қарыз нарығы өсіп келе жатқаны байқалады. Соңғы 3 жылда МҚҰ-ның несие порфелі 3 еседей өсіп, 2023 жылы жаңадан 40 микроқаржы ұйымы ашылған.

Фото: dzen.ru-ден көрнекілікке алынды