СОТ ТҮНДЕ ДЕ ІС ҚАРАЙДЫ

Уақыты: 29.10.2018
Оқылды: 983
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Түнгі сот» пилоттық жобасы аясында облыстық сот төрағасы Мейрамбек Таймерденов пен облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Мұрат Ұрұмханов өзара ықпалдастық туралы меморандумға қол қойды.

Оған облыстық сот судьясы Н. Жекенова, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот судьясы М. Мамытова, сот мамандары, сонымен бірге, полиция қызметінің басшылары мен офицерлік құрамы қатысты. Іс-шараны облыстық сот төрағасы Мейрамбек Таймерденов ашып, қатысушыларды пилоттық жобаның мақсатымен, сот жүйесін жандандыруға байланысты Елбасы Жолдауының жаңа тармақтарымен таныстырды.

– Жобаны енгізудің маңыздылығы – азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етіп, адам құқықтарын жедел қорғау мүмкіндіктерін кеңейту, сот ісін жүргізуді жылдамдату және жеңілдету. «Түнгі сот» Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот негізінде жол-көлік оқиғалары мен ұсақ бұзақылық істерін қарайтын болады, – деді төраға.

Өз кезегінде департамент басшысы Мұрат Ұрұмханов «Түнгі соттардың» құрылуы тек азаматтардың ғана емес, қызметкерлердің де уақытын үнемдейтінін ескерді. Сонымен қатар, сот жүйесін жаңарту мен халықтың сотқа деген сенімін арттыруға бағытталған Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асановпен бекітілген бағдарламаны іске асыруға дайын екендігін білдірді.

Шарадан кейін полиция қызметкерлері «Түнгі сотты» енгізуге қатысты сұрақтар қойып, облыстық сот төрағасынан толыққанды жауаптар алды.

Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі