ҚОЙШЫНЫ ӨЛТІРІП, ҚЫСТАҚҚА ЖАСЫРЫНҒАН

Уақыты: 07.11.2018
Оқылды: 1223
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері дала төсінде қой баққан әйел шопанды өлтіріп, бос қалған қыстақтарда бой тасалап жүрген ер адамды қолға түсірді. Жамбыл ауданының полицейлеріне қойшының кісі қолынан қаза тапқаны жайлы мәлімет он күн бұрын түскен. Дер кезінде қолға алынған шаралардың нәтижесінде күдікті көп ұзамай ұсталды.

Қаза болған қойшы әйел 43 жаста болып шыққан. Қанды оқиға Мәтібұлақ ауылы маңындағы шаруа қожалықтарының бірінде орын алған. Әйел денесінде қинап өлтіру белгілері бар. Шаруа қожалығындағы жұмысшылардың айтуынша, марқұм санаулы күн бұрын азаматтық некедегі жолдасымен қатты жанжалдасқан. Полицейлер келгенше әйелдің азаматтық некедегі күйеуі белгісіз бағытта із суытқан.

«Полицейлер жедел іздестіру шараларын ұйымдастырып, жақын маңды толығымен қарап шықты. Сол маңнан өтетін барлық автожолдар толық тексерілді. Екі тәуліктен соң бұған дейін әртүрлі қылмыстары үшін бірнеше рет сотты болған ер адам елді мекендерден қашық далада ұсталды. Күдіктінің осы уақытқа дейін тәртіп сақшыларынан бой тасалағаны анықталды. Қазіргі таңда ер адам Жамбыл ауданының полициясына жеткізілді және қамауға алынды», - деп хабарлайды Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі. Қазіргі таңда кісі өлімі дерегі бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, Қылмыстық кодекстің 99-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілу үстінде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"