БАУЫРЖАНДАЙ БАТЫР БОЛУ - МІНДЕТ

Уақыты: 25.11.2018
Оқылды: 1806
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ұзынағаш ауылында орын тепкен Ұлттық ұланның Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің құрылғанына 45 жыл. Жарты ғасырға жуық уақыт белесінде әскери бөлімнің айбынды құтқарушылары еліміз бен байтақ жеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тер төгіп, еңбек етіп келеді.

Тарих беттеріне үңілсек, әскери құрылымның іске кірісуі 1973 жылғы 17 мамырынан басталады. 30 қараша 28237 әскери бөлімінің құрылған күні болып белгіленеді. 1973 жылғы 27 шілдеде әскери бөлімнің тұңғыш командирі болып подполковник Шмаль Николай Федорович тағайындалады. Кеңес тұсында әскери бөлім бірнеше марапатқа ие болған. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін әскери бөлімге даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімі берілді. 1997 жылғы 09 шілдеде әскери бөлімге жаңа үлгідегі көк түсті Жауынгерлік Ту тапсырылады.

Әскери бөлімнің қалыптасуы мен аяғынан тік тұруына тәжірибелі құтқарушы мамандар, білікті офицерлер мен арынды сарбаздар ат салысты. Құрылған күнінен бастап тәуелсіздік белесінде бөлім жеке құрамы ерліктер мен батырлық үлгілеріне толы даңқты жауынгерлік жолдан өтті. Түрлі апаттар мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюмен қатар құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша республикамыздың біршама өңірінде қыруар жұмыс атқарды, сонымен қатар, республика көлеміндегі және ТМД елдері арасында өткен оқу-жаттығуларға қатысты. Жүзден аса әскери қызметші атқарған қызметтеріне адалдығы үшін түрлі орденмен және медальмен марапатталды.

Құрылым 1979 жылы бөлім жеке құрамы Медеу шатқалындағы алапат өртті ауыздықтауға, 1984 жылы Кеген ауданындағы орман өртін сөндіруге, 1993 жылы Алматы қаласында тырысқақ індетін жоюға, 1994 жылы Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласында құтқару жұмыстарын жүргізуге, газ жарылысынан қаза тапқан адамдарды құтқаруға, 1997 жылы Алакөл ауданындағы Қазақ-Қытай шекарасында өртті сөндіруге ат салысты. Сондай-ақ, 1997 жылы ірі көлемдегі төтенше жағдайлар кезіндегі ТМД корпусының, 1999 жылы Америка Құрама Штаты Аризона штатындағы құтқару қызметінің құтқарушыларымен бірлесіп өткізілген «Айвер-99» оқу-әдістемелік жиындарына, 1999 жылы ракета тасымалдаушы «Протон-3» апатының зардабын жоюға, 2003 жылы Жамбыл облысы, Құлан ауылында болған жер сілкінісінен, 2004 жылы Жуалы ауданында болған қар басудан адамдарды құтқару жұмыстарына, 2007 жылы Жамбыл ауданы әкімінің өтінімі негізінде өткен селден кейінгі Ақсеңгір су қоймасында қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізуге, 2010 жылы Қызылағаш елді-мекеніндегі жергілікті тұрғындарға көмек  көрсетуге, 2011 жылы Іле-Алатау таулы бөктерінде, 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында, 2013  жылы Жамбыл облысы, Қаратау қаласында болған төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға белсене қатысты.

Әскеріміздің әлеуетін көтеру мақсатында Елбасы Жарлығымен 2015 жылдың 21 сәуірінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Заң қабылданып, ішкі әскерге Ұлттық ұлан мәртебесі берілді. Сол жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетке тікелей бағыныста болған 28237 әскери бөлімі Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының қарамағына өтті. Әскери бөлімнің командирі болып Қуаныш Нұртазин тағайындалған еді. Жаңа күштік құрылымның құрамындағы заң аясында бөлімге жаңа міндеттер жүктелді, қызметтің нақты тармақтары мен мақсаттары айқындалды, әскери құрылымның мәртебесі жоғарылатылды. Жауынгерлердің даярлықтарын, кәсіби біліктіліктерін жоғарылату, тәжірибелік білімдерін арттыру арқылы ұландық құтқарушылар жаңа кәсіби дағдыларды меңгерді.

2015 жылы Алматы қаласы, Наурызбай ауданындағы Қарғалы, Каменька елді-мекендерін су басудан туындаған төтенше жағдай салдарын жоюға қатысып, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіріп, апат алған орындарда залалсыздандыру жұмыстарын жүргізумен қатар мемлекеттік әкімшілік мекемелерінің, орта білім беретін мектептердің аулалары мен сырт аймақтарды лайдан тазартты. Онымен қоса, 2016-2018 жылдары республикалық көлемде өткізіліп келе жатқан «Жер», «Көктем», «Қыс» аталатын құтқару оқу-жаттығуларына қатысты. Әсіресе, 2018 жылдың қыркүйек айында халықаралық деңгейде өткен «Қазқұтқару - 2018» кешенді оқу-жаттығулары кезінде  бөлім жеке құрамы өздерінің біліктілігін тағы дәлелдеп, өзге мемлекеттердің құтқару қызметтеріне үлгі болды.

Міне, осынау заңғар жолдың белесінен сүрінбей өткен өр рухты қолбасшы Б. Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімі 45 жыл бойы Отан алдындағы міндеттерін атқаруда сенімге селкеу түсірген емес. Бүгінде подполковник Дулат Мақсұтов басқаратын 28237 әскери бөлімінің бауыржаншылар атанып кеткен хас жауынгерлері білектілігімен, жүректілігімен халық сеніміне кіріп, айтып келмейтін апаттың алдын алуда алдыңғы шептен көрініп келеді. Бұл өз кезегінде Отанын анасындай сүйген әрбір жауынгердің әскери антына адалдығы, атқарған қызметінің нәтижесі. Демек, батыр Бауыржанның өнегеге толы ерлік істерін қашан да үлгі тұтқан ұландық құтқарушылар үшін мінсіз қызмет – абырой болып қалмақ!

Айдос БАЙШАҒЫРОВ,

28237 әскери бөлімінің лейтенанты

Алматы облысы