ЭЛЕКТРОНДЫ ҚЫЗМЕТ: ҚАЗАҚСТАН 25-НШІ ОРЫНДА ТҰР

Уақыты: 11.03.2019
Оқылды: 1020
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу жеріне арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман БЕРДАЛИН, осы агенттіктің жанынан құрылған республикалық мониторинг тобының мүшесі, этнодизайнер, «Алтын сапа» жүлдесінің иегері Ырза ТҰРСЫНЗАДА Іле және Қарасай аудандарының тұрғындарымен жүздесті. Мәртебелі меймандарды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай НҰРҒИСАЕВ бастап жүрді.

 

Алдымен  Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында орналасқан Мәдениет колледжіне ат басын тіреген қонақтар тәлімгерлермен кездесіп, бүгінгі күннің өзекті мәселелері жайлы ой бөлісті. Одан кейін Шамалған ауылында орналасқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына арнайы барып, ондағы экспонаттармен танысқан қонақтар өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздесті. «Халық пен билік арасындағы алтын көпір» саналатын жауапты мамандық иелерімен болған басқосуда Арман Бердалин алдымен агенттіктің жанынан құрылған арнайы мониторинг тобының мақсат-міндеттеріне тоқталып, қатарына өзінің ұстанымы мен көзқарасы қалыптасқан, елге танымал әрі абыройлы азаматтарды топтастырған бұл құрылым мемлекетіміз үшін маңызды мәселелерді зерттеп, бағыт-бағдарды анықтауды мақсат етіп отырғанын атап өтті. Былтырдан бері өз жұмысын бастаған бұл топ еліміздің үш өңірінде болып, нәтижелі шаралар өткізіп үлгеріпті.

– Бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  мемлекеттік қызметшілердің әдебін қалыптастыру міндетін бірінші кезекке шығарып отырғаны белгілі, – деді Арман Тілектесұлы сөзін сабақтап. – Осы орайда біз мемлекеттік қызметшілердің мәдениетін көтеріп, қызмет сапасын жақсарту бағытында нақтылы қадамдар жасап отырмыз. Оның нәтижесі көп күттірмейді деп сенеміз. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілер халыққа 750 қызмет түрін көрсетеді екен. Оның 65 пайызы электронды қалыпқа түсірілген. Яғни, ауылда, аудандарда тұратын адамдар жол жүріп сабылмайтын болады. Біріккен Ұлттар Ұйымының анықтауы бойынша Қазақстан «Электронды үкімет» бағдарламасы бойынша аса дамыған Австриядан кейінгі 25-орынды иеленіп отырғаны да көңілге медеу.

Департамент директоры еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі, онымен күрес мәселелері жайына да тоқталып, былтыр елімізде 945 тексеріс жүргізіліп, 100 мыңнан астам заңбұзушылық анықталып, соның нәтижесінде 486 қызметшіге қатысты шара қабылданғанына тоқталды. Коррупциялық қылмыс жасағаны үшін Ұлттық бюро жауапқа тартқан 1290 адамның 25-і республикалық, 91-і облыстық деңгейде, 145-і қалалық және аудандық деңгейдегі мамандар. Қазір қолды болған 21 млрд. теңгенің 89 пайызы мемлекет қоржынына қайтарылған. Сөз соңында департамент директоры журналистер қауымын қоғамды жайлаған індетке қарсы бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Одан соң «Аманат» қоғамдық тану сыйлығының мақсат-мүддесі жайында Ырза Тұрсынзада түсініктеме берді. Ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық бірегейлікті сақтау үшін ата-бабадан мұра болған салт-дәстүрді, өнеріміз бен мәдениетімізді жаңғыртып, оны жастар санасына сіңіруге елеулі үлес қосып жүрген танымал тұлғаларымызға қолдау көрсету мақсатында тағайындалған сыйлық – қызметін адал атқарып, мамандығының мақтанышына айналған мемлекеттік қызметкерлерге тапсырылатынын атап өтті. Жергілікті Қоғамдық кеңестердің ұсынуымен бәйгеге түсетін үміткерлердің арасынан жеңімпаздарды анықтау арнайы комиссияның жауапкершілігіне жүктеледі. Халықаралық деңгейдегі сыйлық алыс-жақын шет мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымызға да беріліп келген.

Жиын соңы сұрақ-жауап бөліміне ауысып, кездесуді түйіндеген Серікбай Өрікбайұлы мемлекеттік «7-20-25»  бағдарламасын жүзеге асыру барысында орын алған олқылықтар мен оларды дұрыс жолға қою барысында атқарылып жатқан жұмыстарға  тоқталып өтті.

Түс ауа Қаскелең қаласындағы Мәдениет үйінде «Аманат» қоғамдық тану сыйлығын тапсыру салтанаты өтті. Біздің  облысқа алғаш келіп отырған бұл марапатқа Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің шет тілдер педагогикалық колледжінің директоры Бақыт Шпекбаева, облыстық қазынашылық департаментінің бас маманы – бас қазынашы Айгүл Аязбаева, Қарасай әкімдігі ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Василий Тысиков лайық деп танылған екен. Аталмыш сыйлықты  Арман Бердалин, Ырза Тұрсынзада және Серікбай Нұрғисаев табыс етті.  Салтанатты шара аудан өнерпаздарының тамаша концертіне ұласты.

Сол күні кешке ҚР Мемлекеттік қызмет істері  және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаевтың ұсынысымен жазылған «Құлқынның құлы» спектаклі қойылды. Облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының ұжымы сахналаған тағылымды қойылымның соңында аудан әкімінің орынбасары Гүлжан Дүйсенова әртістерге аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың ықылас гүлін тапсырып, жұртшылықтың алғысын жеткізді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы