ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 16.03.2019
Оқылды: 1218
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биыл Алматы облысынан 1992-2001 жылы туған 3 мыңнан астам азамат әскер қатарына шақырылады деп жоспарланған. Соның 2000-ға жуығы осы көктемгі шақырылымда әскер сапына алынады. Наурыз айының 14-інен бастап жас сарбаздардан құрылған алғашқы топ әскери борыштарын өтеу үшін тиісті әскери бөлімдерге аттандырылды. 

Бұл туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Талғат Дәулетханов мерзімді әскерге шақыру мәселелері бойынша өткізілген нұқсаулық-әдістемелік жиында айтты. Басқосу 2018 жылғы мерзімді әскерге шақырудың қорытындысы және 2019 жылғы көктемгі әскерге шақырудағы міндеттер мен талаптарды талқылауға арналды. Жиынға медицина мен шақыру комиссиясының төрағалары, жергілікті әскери басқару органдарының бастықтары, Талдықорған гарнизонының әскери прокуратура, ҰҚКД және полиция департаментінің, сондай-ақ, әскери бөлімдердің өкілдері қатысты. Өз кезегінде Талғат Жасболатұлы:
– ҚР Қорғаныс министрінің 2019 жылға қойылған талаптарының бірі – қазақ- стандық армияны сапалы жасақтау. Осыған сәйкес, әскерге шақыру жұмыстарын сапалы әрі тиянақты жүргізуді басты назарда ұстау қажет. Әскер қатарына қабылданатын азаматтардың денсаулығы мығым, физикалық дайындығы күшті әрі ерік-жігерінің мықты болуы қатаң қадағалансын, – деп мамандарды өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес, мерзімді әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы, мерзімін кейінге қалдыруға және әскерден босатылуға құқығы жоқ азаматтар қабылданады. Көктемгі әскерге шақыру науқаны 4 ай бойы жүргізіледі, яғни, маусым айының соңына дейін жалғасады.

Рүстем ҚАНАПИЯНОВ