ПРЕЗИДЕНТКЕ ЕСЕП БЕРЕТІН ПОЛК

Уақыты: 28.03.2019
Оқылды: 1058
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Бүгінгі күні Қазақстан армиясы еліміздің барша азаматының мақтанышына айналды. Өз кезегінде әскери қызметтің құрметі артып, беделі биіктегені белгілі. Соған орай әскерге шақырылушылардың ең үздіктері Президенттің «Айбын» және «Батыр» полктеріне іріктеліп алынады. Мемлекеттік күзет қызметіне қарасты Президент полктеріндегі әскер қатарында кешенді тексерістер мен іріктеуден тыңғылықты өткен жігіттер ғана қызмет етеді. Мұндай қатаң талап оларға жүктелетін жоғары жауапкершіліктен туындап отыр. Өйткені ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Қазақстан Республикасының Президентіне ғана есеп беріп, бағынатын, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және күзетілетін тұлғалар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет шараларын жүзеге асыратын арнайы мемлекеттік органның қатарына жатады.

 

Бекітілген талаптарға сәйкес Президент полктерінің қатарын адалдығы мен Отанға жанашырлығы басым, батыл және қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын тәртіпті әрі қырағылық қасиеттері бойынан табылатын жас жігіттер толықтыра алады. Әскери борышын мүлтіксіз орындауы үшін жауынгерлерден мінез-құлық тұрақтылығы, тәндік төзімділігі, әскери қызметке ішкі дайындығы талап етіледі. Әскерге жаңа шақырылған жігіттердің спорттық және басқа да жетістіктері ҚР МКҚ құрамындағы Президент полктеріне іріктеу кезінде шешуші рөл ойнайды. ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің басты ерекшелігі – жауынгерлер мемлекеттік протоколды қамтамасыз ету міндеті жүктелген құрметті қарауыл ротасына түсуге мүмкіндік алады.

Армияда әскери борышын өтеу кешегі жасөспірімдерді сабырлы да салмақты, өз Отанын сүйетін ер ретінде тәрбиелейді. Әскери кеңістік олардың дүниетанымын кеңейтіп, шынайы өмірді қабылдауын қалыптастырады. Сол арқылы жігіттердің өмірлік ұстанымы мен бағытын нақтылауына мүмкіндік беріп, ерлік пен батырлықтың, айбын мен адалдықтың үлгісіне айналдырады, ең бастысы – өз халқы мен Президентіне шынайы берілгендігін бекітеді. Өйткені, олар мемлекетіміздің бет-бейнесі іспетті.

Мәди АЛЖАНБАЙ