"FACEBOOK": ОБЛЫСТЫҢ БАС ПОЛИЦЕЙІ ПАРАҚША АШТЫ

Уақыты: 03.04.2019
Оқылды: 1010
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов әлеуметтік желіде (Facebook) өз парақшасын ашты. Ол өзге облыстардағы әріптестерінің арасынан алғашқылардың бірі болып өңір тұрғындарын ашық диалогқа шақырып отыр.

Бұған қоса, полиция генерал-майоры қызметтік телефон нөмірін жариялап, тікелей желіде азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдауға дайын екенін жеткізді.

- ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар мен интернет ғасыры. Барлығымыз да уақыт талабына сәйкес әрекет етуіміз қажет. Белсенді болу, азаматтармен диалог құру, әсіресе, әлеуметтік желілерде байланыс орнату – заманауи талап. Осыған орай, "Facebook" желісіндегі менің парақшам ашық диалог құруға және халықпен келелі байланыс орнатуға көмектесетіні анық. Сондай-ақ, тығыз қарым-қатынас орнату үшін азаматтар полиция қызметін одан әрі жақсарту туралы ұсыныстарын 8(7282)608001 нөмірі арқылы маған тікелей қоңырау соғу арқылы айта алады, - деп атап өтті Мұрат Ұрұмханов парақшасындағы алғашқы жазбасында.

Аймақтық полиция басшысы өзінің және орынбасарларының департаменттегі, құқық қорғау қызметі орталығындағы және «Нұр Отан» партиясындағы азаматтарды қабылдау кестесі туралы да айтты.

Тіркелемін деушілерге жеке парақшасының сілтемесі: https://www.facebook.com/profile.php?id=100035242006694

 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"