ШЕГАРАШЫЛАРДЫҢ ШӘКІРТТЕРІ БАР

Уақыты: 07.05.2019
Оқылды: 1382
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

2484 әскери бөлімі «Сарқан» шегара комендатурасының шегарашылары ата-бабаларымыз аманат етіп тапсырған Мемлекеттік шегарамызды таңның атысы, кештің батысы тәулік бойы, ауа райы жағдайының кез келген уақытында күзетіп келеді.

2019 жылға дейін «Сарқан» шегара комендатурасы шегарашыларының қырағылығы мен қайсарлығы арқасында Мемлекеттік шегараны бұзып өтпекші болған 50-ден астам адам ұсталса, шегаралық аймаққа келу тәртібін бұзған 1628 шегаралық режим бұзушы тиісті жауапқа тартылған. Сонымен қатар, біз өз тарапымыздан, маңызды идеологиялық міндеттеріміздің бірі – ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу мәселесін алға қойып келеміз.

Осы тапсырманы орындау мақсатында Сарқан ауданының шегаралық аймақтарында орналасқан Тополевка, Екіаша елді мекендеріндегі орта мектептерден 10,11 сынып оқушылары құрамына енетін «Шегарашылардың жас достары» үйірмелері жұмыс жасауда. Бұл игі бастаманың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың бойында патриоттық сезімді ояту және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шегара қызметі академиясына үміткерлер жинау.

Осы сәтті пайдалана отырып, ер-азаматтарды Отан қорғаушылар күні мерекесімен 2484 әскери бөлімі басқармасы және  «Сарқан» шегара комендатурасы шегарашылары атынан шын жүректен құттықтаймыз. Найза ұстар нар ұлдарыңызға Баян батырдың батылдығын, Райымбектің батырлығын, Қабанбайдың қайсарлығын, Қарасайдың өткірлігін тілейміз.

Бауыржан АҚЫБАЕВ,
2484 әскери бөлімі «Сарқан» шегара комендатурасы комендантының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, капитан
Сарқан ауданы